Еліміздің ЖОО-да қоғамдық қабылдау орталықтары ашылды

Бұдан былай еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарында қоғамдық қабылдау орталықтары жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның жұмысы университет қауымдастығындағы мәселелерді анықтап, дер кезінде кері байланыс орнатуға бағытталады. Бұл сыбайлас жемқорлықты анықтау, арыз-шағым жазудан бөлек инновациялық тың жобаларды іске асыру идеяларын да жарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім ордалары мен жатақханаларға виртуалды «Сенім жәшігі» орнатылды. Енді жәй ғана QR кодты сканерлеу арқылы кез келген ақпаратпен бөлісуге мүмкіндік туып отыр. Барлық өңірлердегі орталықтар бүгін онлайн форматта іске қосылды.

Саясат Нұрбек, ҚР ғылым және жоғары білім министрі:

– Әкімшілікке, ректорлардың өздеріне кері байланыс каналдарын орнату. Неге десеңіз, көп жағдайларда ректорлардың өздері университеттерде не болып жатқанын білмейді. Енді күнделікті жиналыс өмір. Ал мыңдаған студенттердің ішінде проблемалар жетіп жатыр. Қазіргі білесіздер жатақхана мәселесі, инфрақұрылым мәселесі, білім сапасы. Сол мәселелердің бәрін біздің студенттеріміз бір жерге барып, бір жерден шеше алады. Енді осындай институционалды механизм арқылы біз студенттердің, оқытушылардың, жергілікті тұрғындардың проблемаларын бір жерден шешуге тырысамыз.