Щапов ауылында үш ауысымдағы мектеп мәселесі шешілді – БҚО

Батыс Қазақстан облысының Щапов ауылында 420 орындық жаңа білім ордасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп құрылысына 1,2 миллиард теңге қазына қаржысы жұмсалған. Бұрын шәкірттер осыдан тура жарты ғасыр бұрын салынған 120 орындық көне ғимаратта оқып келген еді. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген жаңа білім ошағы ауылдағы үш ауысым мәселесін түпкілікті шешті. Айта кету керек, қазір Бәйтерек ауданында бірнеше орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Ажар Оңғарбаева, Бәйтерек аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Биыл бізде 4 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Екі мектеп күрделі жөндеуден өтіп, осы бірінші мектеп Егіндібұлақ ЖОББМ және бүгін екінші мектепті ашып жатырмыз. Ол Рубежин ЖОББ мектебі. Тағы 2 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары өтуде, Раздольный мен Чувашин мектептерінде. Сонымен бірге ауданымызда 3 мектеп салынды.