Маңғыстау облысындағы ауылдық округте 600 орындық мектеп ашылды

Маңғыстау облысының Басқұдық ауылдық округінде 600 орындық мектеп ашылды.

Сөйтіп, Мұнайлыдағы орта білім беру мекемесінде үш ауысым  жойылды. Тағы бір мектептің жүктемесі азаяды. Себебі 1448 оқушы жаңа мектепке ауысады. Сондай-ақ осы елді мекенде тұратын 800-ден аса баланы тасымалдау тоқтады. Өзекті мәселені бұған дейін бірнеше рет айтқанбыз. Озық үлгіде салынған білім ұясы ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін арнайы парталармен қамтылған. 73 мұғалім де жұмысқа орналасып отыр. Бір қуантарлығы, келер жылы ауданда әрқайсы 1200 орындық екі мектеп қолданысқа берілуге тиіс. 

Сәуле Махамбетқызы, көп балалы ана:

- 4 немерем Шоғы мектебіне қатынайтын еді. Қыста балшық кездері қиын болды. Міне бүгін №16 мектеп үйдің қасынан ашылып жатыр. Рахмет айтамыз, алғысымыз шексіз.

Батырбек Демократұлы, Мұнайлы аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Басқұдық ауылында орналасқан №14 мектебіміз бар. Сол мектепте 3 кезеңділік толықтай жойылды. Бұдан бөлек осы ауылдың 850-ге жуық баласы Маңғыстау ауылындағы №5 жалпы білім беру мектебіне оқуға баратын. Оларды тасымалмен таситынбыз. Әрине бұл оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де қиындық тудыратын. Себебі таңғы 06:30-дан бастап автобустар жүреді.