Абай облысы Қапай батыр ауылында жаңа мектеп ашылды

Абай облысы Жарма ауданының Қапай батыр ауылында 100 орындық жаңа мектеп ашылды.

Елді мекендегі оқушылар бұған дейін жарты ғасыр бұрын салынған ескі ғимаратта оқып келген еді. Білім ордасын тұрғызуға облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген.

Жаңа мектептің салынуын тағатсыздана күткендердің бірі - көпбалалы ана Жанар Нұрбақыт. Күтетін жөні де бар. Өйткені үш баласы мектеп оқушылары.

Жанар Нұрбақыт, ауыл тұрғыны:

- Ауылымызға осындай үлкен мектеп салынып, балалар да, ата-аналар да, ауыл тұрғындары да қуанып жүр. Өзім ескі мектепте оқыған едім. Қазір балаларымыз жаңа мектепте, барлық жағдай жасалған.

Барлық жағдайы жасалған, жарқыраған жаңа мектепке қазір оқушылар қуана-қуана келеді. 

Айдын Үсенұлы, оқушы:

- Біз осында күреске, волейбол, футбол ойнауға келеміз. Жаңа мектеп ашылғанына қуаныштымыз.

2003 жылы тоғыз жылдық мектепке айналған білім ордасында 85 оқушы білім алады. Он сегіз мұғалім сабақ береді.

Нариман Әбілмәжінов, мектеп директоры:

- Бұған дейін оқушыларымыз ескі ғимаратта білім алып келді. Ол ғимарат 1975 жылы салынған болатын. Жүз орынға арналған мектебімізде акт залы, кітапхана, асхана, ІТ сыныбы, пәндік кабинеттер бар. Болашақта бала саны көбейіп, білім сапасы бұдан әрі жақсарады деген сенімдеміз.

Ауылда бала санының көбейіп, мектепке сұраныс артқанын Жарма аудандық білім бөлімінің мамандары да растады.  

Гүлсара Садықова, Жарма аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Бұл мектепте оқушы саны көп. Жылдан жылға көбейіп келеді. Былтыр 82, оның алдында 65 болған. Орын тапшылығы болған соң осы мектеп салынды. Қазір бәрі жақсы. Барлық бала сыяды.

Мектептің құрылысы биыл наурыз айында басталған. Білім нысанын тұрғызуға облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Қазір Жарма ауданында 38 мектеп бар. Алдағы уақытта Қалбатау ауылында тағы бір мектеп салу жоспарланып отыр.

Абай облысынан Азамат Қасым, Медет Өмірханов