Елімізде Linkedin әлеуметтік желісі қайта қосылды

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі linkedin.com интернет-ресурсының бұғатталуына байланысты туындаған жағдай бойынша Linkedin компаниясының ресми өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Linkedin сайтының әкімшілігі өз сайттарында жарияланған материалдарда Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілерінің анықталғандығы туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жолдаған хабарламаны қарастырып, Қазақстан тарапының талаптарын негізді деп танып, интернет-ресурстан заңсыз контентті алып тастады.

Осыған байланысты қазақстандық пайдаланушылар үшін АҚДМ-мен linkedin.com интернет-ресурсына қолжетімділікті қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданды», - делінген хабарламада.

Linkedin компаниясының өкілдерімен өзара сындарлы диалог құрып, қос тараптың тиімді ынтымақтастығын одан ары жалғастыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Қазақстанда LinkedIn әлеуметтік желісі бұғатталғанын хабарлаған болатынбыз.