Теңге қалай құбылады? Сарапшылар пайым жасады

Биыл мұнай бағасы өскенімен, теңге әлсіреуі мүмкін. Себебі импортқа тәуелділік сол күйі артып отыр. Төл теңгемізге қатысты сарапшылар тағы қандай пайым жасады?

Биыл мұнай бағасы өскенімен, теңге әлсіреуі мүмкін. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова осылай дейді. Оның сөзінше, төл ақшамыздың жайы коронавирус пен доллар бағамына тәуелді. Қазақстанды айтпағанда, жаһандық экономика әлі шатқаяқтап тұр.  Егер қара алтын құны барреліне 70 доллар шамасында сақталса, ел экономикасы 4,2 пайызға көтеріледі. Ұлттық банк мамандары желтоқсанда осындай болжам жасаған еді. «Әлемді жайлаған індет әлі де валюта нарығын қыспаққа алып тұр. Дегенмен мұнайдың қымбаттауынан жағдайдың түзелеріне үміт мол», дейді сарапшылар. «Мұнай бағасының көтерілуі отандық экспорт көлемінің артуына әкелсе де, импорт деңгейі сол күйі қалып отыр. Ал импортқа тәуелділік төл теңгеміздің қолданыс аясын шектейді, – деді ұлттық банк төрағасы. Бұдан бөлек, биыл АҚШ-тың федералды резерв жүйесі ставкасын 4 рет көтереді деген болжам бар. Бұл да дамушы елдердің экономикасына жайсыз тиері анық.

ХАЛЫҚТЫҢ 18% ҒАНА ЖИНАҚ АҚША БАР

Ел тұрғындарының 18 пайызында ғана жинақ ақша бар. Ал өзгелері қор жинауға елдегі қымбатшылық әсер еткенін алға тартады. Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға сай, жинақтардың азаю индексі былтыр 24 процентті көрсеткен. Ал жинағы барлар  қолма-қол ақша түрін немесе банкте депозит ашуды жөн санайды.

БҰҰ: БЫЛТЫР АЗЫҚ-ТҮЛІК 28% ҚЫМБАТТАДЫ  

Біріккен Ұлттар Ұйымы азық-түлік нарығына қатысты өз есебін жариялады. Былтыр әлемде қымбатшылық 28 процент деңгейінде болған. Мамандардың пайымы бойынша, мұндай құбылыс бұрын-соңды байқалмаған. 

Астық пен май ғана емес, жыл ішінде ауылшаруашылық өнімдерінің барлық түрінің бағасы өскен. Соның ішінде дәнді дақылдар 27 пайызға, жүгері мен бидай 44 және 31 пайызға қымбаттаған.  Былтыр құны сәл арзансыған жалғыз дақыл – күріш. Құны 4 пайызға түскен. Әсіресе, өсімдік майы мен қант бағасының күрт шарықтағанын айтып өту  керек. Сондай-ақ сүт өнімдері 17 пайызға, еттің бағасы 12,7 пайызға көтерілді.

BOEING АКЦИЯЛАРЫНА СҰРАНЫС АРТТЫ

Боинг акцияларына сұраныс артты. Нью Йорк сауда алаңында бір данасының құны 224  долларға жуықтады. Өсім 3 пайыз шамасында. Осы тұста  сарапшылар 737 MAX ұшағы Қытайға қайта ұша бастауы мүмкін дегенді айтып отыр. Тіпті, келісім ай соңына дейін жасалуы ықтимал. Еске салайық, Қытай билігі 2019 жылы Эйфиопияда болған әуе апатынан кейін бұндай маркалы ұшақты ұшыруға тыйым салған еді. Бұл  Қытайдағы әуе кемелерінің 22 пайызы. Салдарынан Боинг компаниясы табысының үштен бірінен қағылды.

ЖҮК ЖӨНЕЛТУШІЛЕР БІРҚАТАР ТӨЛЕМНЕН БОСАТЫЛДЫ

Елдегі жүк жөнелтушілер бірқатар төлем мен айыппұлдардан босатылды. Енді тұрып қалған жүктерді сақтағаны үшін бір еселік мөлшерде ғана алым алынады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. Мұндай шешім «Темір жол көлігі» заңы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының үндеуіне сай қабылданған. Қорыта айтқанда, жүк тасымалдау  бойынша өтінімді орындамағаны үшін салынатын айыппұлмен қатар жалға алынған вагондардың бос тұруы, сондай-ақ магистральдық, станциялық жолдарда контейнерлердің кідіргені үшін алынатын төлемдер де уақытша тоқтатылды.

Сондай-ақ...