Елде жиһаз қымбаттады

Отандық жиһаз өндірісі 70 процент ресейлік шикізатқа тәуелді. Көрші елдің валютасы құбылып тұр. Логистикалық кедергілер тағы бар. Бұл жиһаз өндірушілерді әбігерге салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл басынан бері елде жиһаз өндіру 14 процент өсті. Бұл 23 млрд теңгенің өнімі. Әсіресе ағаштан жасалған жиһазға сұраныс көп. Алайда өндірушілердің күйі мәз емес. Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраевтың айтуынша, логистикалық шығындар негізгі шығынның 40% құрайды. Оларға ресейлік шикізатты тұтыну уақыт өткен сайын тиімсіз боп барады. Бүгінде бір текше метрін тасымалдау құны 12 мың теңгеге жеткен. Оған қоса, Ресейдегі ағашты есепке алудың жаңа жүйесіне сай автотасымалға тыйым салынды. Яғни өнімді тек темір жол арқылы әкеле аламыз. Рубльдің құбылуы да жағдайды ушықтырды. Қазір ағаш құны жеті теңгеден жоғары. Осы орайда мамандар жиһаздың 30 процентке қымбаттайтынын болжады. Энерджипром таратқан ақпаратқа сүйенсек, бір жылдағы баға 13%-ке артқан. Жекелей алғанда диван мен төсек құны 15 процент өсіпті. Сөрелер – 13, үстел мен орындықтар 12% қымбаттаған.

Қанат Ибраев, ҚР жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:

– Біз географиялық ерекшеліктерге байланысты өнеркәсіпке қажет көлемде ағаш кесе алмаймыз. Демек жүздеген адам жұмыссыз қалады. Санкциялар салынғанша Ресей әлемдегі экспорттаушылардың көшін бастады. Енді көрші елмен шектесетін өңірлердегі бірқатар ағаш зауыты жабылу алдында тұр. Себебі онда дайын өнім сатылымына ғана рұқсат етілген. Ал орманды қайта өңдеушілер қосымша шығындарын бізге артып қойды. Қазір Қостанай мен Шығыс Қазақстандағы кәсіпорындардың жағдайы мүшкіл.

САРАПШЫЛАР: ТЕҢГЕ ӘЛІ ДЕ ҚҰБЫЛАДЫ

Мамырда теңге 6,8 процентке нығайды. Ұлттық банк мәліметінше, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 115 млн долларға жеткен. Бұл тұста әлемдік көрсеткіш 2,2 млрд долларды құрады. Мамандар теңгенің нығаюына мұнай құнының артуы мен экспорттаушылардың салық төлеуі, сондай-ақ жеке тұлғалардың шетел валютасына деген сұранысты төмендетуі әсер еткенін айтады. Ал 598 млн АҚШ долларын құраған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы арқасында шетел валютасын ұсыну көрсеткіші сұраныстан асып түсті. Осылайша Ұлттық Банк 110,5 млн АҚШ долларына шетел валютасын артық сатып алған. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт алу үшін ай басында 4 млн доллар сатылған еді. Бұдан кейін трансферттер қорға түсетін түсімдер есебінен қамтамасыз етілді. Яғни конвертациялауға қажеттілік болмады. Мамандар қысқа мерзімді болжамға сай геосаяси жағдай мен валюталық ахуалға байланысты төл валюта бағамы құбылып тұратынын атап өтті.

БИТКОИН ҚЫМБАТТАЙ МА?

Батыста биткоинды төлем құралы ретінде пайдалана бастаса, криптовалюта құны 250 000 мың доллаға жетуі мүмкін. Венчурлық инвесторлар осындай пайымға келді. Бұған дейін сандық ақшаның ең жоғары бағамы 68 мың доллар болған еді. Ал әлемдік реттеушілер криптовалюта нарығын қолға алмақшы. Reuters агенттігі олардың инвесторлар жинағын қорғау үшін күш біріктіретінін хабарлады. Былтырғы маусымда да банктерге биткоин иелерінің шығынын капитал резерві есебінен жабу ұсынысы айтылған. Бірақ кейін криптовалютаның барлығы активтер қатарына кірмейтіні белгілі болды. Енді жыл соңына дейін қаржы ұйымдарына қор жинау міндеттелді. Тараптар инвесторларды заң аясында қорғау керек деген пікірде.