Жапония компаниялары еліміздегі цифрландыру жобаларына 150 млн доллар инвестиция құймақ

Жапонияның қос компаниясы еліміздегі цифрландыру жобаларына 150 миллион доллар инвестиция құймақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар тиісті келісімге қол қойды. Оған сәйкес, ақпараттық-коммуникациялық жобалармен айналысатын бірлескен компания құру жоспары бар. Атап айтқанда, Қазақстанда деректерді өңдеп, сақтауға арналған дата-орталық ашылады. Сол арқылы үздіксіз ақпарат алып, киберқауіптен қорғануға мүмкіндік туады. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қызығушылық танытқан жапондар оның негізінде сандық платформа жасауға қаржы құюды көздейді. Олар жел электрстанциялары құрылысы мен ілеспе газ өндірісі жобаларына да қатысуға ниетті.

Соджи Судзуки, «Japan DX» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

- Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Астана халықаралық қаржы орталығында ағылшын құқығының қағидаттары енгізілген. Орталық Азияның өзге елдерінде ол бойынша жұмыс істейтін орган жоқ. Өздеріңіз білетіндей, қазір цифрлық технологиялар заманы. Өндірісті дамыту ісінде олардың маңыздылығы өлшеусіз. Ал Жапония цифрландыру саласындағы жобаларды жүзеге асыруға болатын озық технологияларға ие. Олар Қазақстандағы өндіріс үрдістерінің тиімділігін қамтамасыз ете алады.

Ерлан Баударбек-Қожатаев, ҚР Жапониядағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Бұл жоба тікелей инвестицияларды тартуға ғана емес, сондай-ақ алдыңғы қатарлы жапондық технологияларды енгізуге бағытталған. Жапонияның осы саладағы тәжірибесі Қазақстан экономикасының цифрлық трансформациясына өте маңызды деп есептеймін.