Алакөлдің шығыс жағалауындағы кәсіпкерге оңай тиіп тұрған жоқ

Биыл Алакөлдің шығыс жағалауындағы кәсіпкерлерге оңай тиіп тұрған жоқ. Туристер ағылатын Алматы-Өскемен тас жолының құрылысы әлі бітпеді. Үржардағы әуежай да жөндеуге жабылған. Қуанарлығы, кәсіпкерлердің өтініші бойынша көлге келушілерден ПТР сынама талап етілмейді. Оның орнына «Ашық» жобасы ұсынылды. Әзірге 347 нысанның 30 шақтысы қосымшаға тіркелген. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Ежелден дертке шипа, емге қуат Алакөл жөнінде ел арасында аңыз көп. Дарабоз Қабанбай батырдың өзі мыңдаған жаралы жауынгерлерін осында әкеліп емдеп, жазған дейді. Ал бүгінде қауіпті індет өршіп тұрған кезде шипалы көлдің қадір-қасиетін одан әрі түсінген сияқтымыз. Былтыр тек пандемия кезінде туристер саны 2 есе азайып кетіпті. Дегенмен, кәсіпкерлер биылғы маусымнан зор үміт күтіп отыр.

Қазір Алакөлге келетін республикалық тас жолдардың астаң-кестеңі шығып, шаңы аспанға бұрқырап, халықтың жүріп тұруына кедергі болып тұр. Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Өскемен қалаларынан ұшақ та қатынамайды. Өйткені әуежай күрделі жөндеуге жабық. Ұшып қону алаңы қайта жаңартылып жатыр. Былтыр ғана жаңа демалыс орнын іске қосқан кәсіпкердің бірі Бауыржан Қасымов осындай кедергілерге қапалы. Өткен маусымда карантиндік шектеулерден қиындық көрген ол, биылғы өзекті мәселелерді жергілікті биліктің алдына қойды.

Бауыржан Қасымов, кәсіпкер:

- Шығыс Қазақстан жақтан келетін жол да жасалып жатыр, ол да біткен жоқ. Алматыдан келетін үлкен жол, күре жол ол да біткен жоқ, оның да мәселесін еске сала кету керек. Ол да уақытымен бітіруін өтінеміз. Туған жерге туың тік деп осы ешкімнен көмек сұрамай бар ақшаны, жиған-тергенімізді салдық ол дүниенің барлығын. Енді оның барлығы тоқтап тұрса, қарыздарымыз бар, несиеміз бар. Кейбір кәсіпкерлер рұқсат сұрап жатыр банкілерден, кредиттерінің уақытын кішкене тоқтата тұрса деген мәселемен. Содан кейін жарық көп өшіп жатыр. Маусым ашылғанша көтерілген мәселелерді шешіп тастау керек.

Алакөлдің шығыс жағалауында 347 кәсіпкерлік нысаны бар. Былтыр дүниежүзілік пандемия мен карантиндік шектеулерге байланысты 300 мыңнан сәл асатын демалушы келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе төмен көрсеткіш. Биыл ресми туристік науқан маусымның 15-інде басталады деген жоспар бар.

Ақтілек Байбазаров, кәсіпкер:

- Биылғы жылы жұмыс өте қарқынды жүріп жатыр, барлық демалыс орындары жөндеу жұмыстарын, инфрақұрылым жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Бірақ Алакөлдегі өзекті мәселелердің бірі – ол жарық мәселесі және жол мәселесі. Сол жөндеудің бәрін бізге маусым басталғанға дейін тапсырып береді деген сенімдеміз.

Жарық мәселесін шешу үшін қазір арнайы бригадалар жұмыс істеп жатыр. Ол маусымның 15-іне дейін толық аяқталып, түйткілдің түйіні тарқауы тиіс. Бұл әкімдіктің уәдесі. Кәсіпкерлердің басқа да өтініштері оң шешімін тауып жатыр дейді атқамінерлер.

Әлия Сарыбаева, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Үржарда білесіздер ұшып қону алаңы әуежайда қайтадан жаңfрту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты вагондар саны 2 есе көбейді және автобустар саны 2 есе көбейді. Кәсіпкерлердің өтініштері қаралып, ескеріліп бүгінгі күні 23 мамырда 7-қаулы шықты, енді ПТР мен «Ашықпен» жұмыс істейтін боламыз. ПТР ол тек ғана шетелден келе жатқан демалушыларға, өйткені «Ашық» бағдарламасында олардың ИИН-дері оқылмайды. Ал енді өзіміздің демалушылар олар «Ашықпен» жұмыс істей алады.

Көл жағасында санитарлық талаптарды сақтау міндет. Яғни жабық нысандарда бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтау керек. Мұны арнайы мамандардан құралған мониторингтік топтар бақылайды. Әзірге олар тек ескерту және түсіндірме жұмыстарымен шектеліп отыр. 

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов