Биыл Жамбыл облысының экономикасына 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жыл басынан бері өңірдің экономикалық өсімі 101,6 процентті құрап, оң динамика сақталып отыр.

«Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,7 процентке өсіп, 230,3 млрд теңгені құрады, ауыл шаруашылығы – 2,9 процент (55,1 млрд теңге), құрылыс – 6,5 процент (31,4 млрд теңге), пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 204,3 мың шаршы метрді құраса, ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8 процентке артқан», – деді Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг барысында.

Негізгі капиталға салынған инвестицияда айтарлықтай өсім байқалады десек, ол бойынша көрсеткіш 21,1 процентке өскен. Осылайша, аймақ экономикасына 98,2 миллиард теңге тартылған.

«Жыл басынан 436 млрд теңгеге 11 жоба іске асырылуда, бүгінге оның 74,1 млрд теңгені құрайтын 5 жобасы орындалған», – деп толықтырды аймақ басшысы.