Петропавлда ірі көлемде тәркіленген спирт антисептик жасауға жұмсалады

Солтүстік Қазақстанда «қара базардан» ірі көлемде тәркіленген спирт кәдеге жаратылады.

Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің шешімімен 46 мың литрге жуық өнім қалалық ауруханалардың біріне тегін берілді. Енді одан антисептик пен дезинфекция құралдары жасалады. Қоймада тұрған спирттің барлығы бір жарым ай бұрын көлеңкелі бизнеспен айналыспақ болған кәсіпкерден тәркіленді. Жалпы сомасы 82 миллион теңгеге бағаланып отыр. Тауарға бірден сараптама жасалып, оның сапасы тексерілді.

Дулат Қожанов, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:

- Бұл өнім қыркүйек айында тәркіленді. Сапасы жақсы болғандықтан арнайы комиссия оны жойып жібергенше кәдеге жарату керек деген шешім қабылдады. Кейін ол аукционға шығарылды. Ең алғаш болып қаладағы ауруханалардың бірі өтініш берді. Басты талап олар мұны техникалық мақсатқа пайдалануы қажет.