Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің тоғызыншы конгресі өтті

Жиынға халықаралық және отандық қаржы ұйымдарының өкілдері мен мемлекеттік мекеме мамандары қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржыгерлер ақша-кредит саясаты, дағдарысқа қарсы шара, қаржы секторын дамыту және экономиканы қолдау сынды өзекті тақырыптарды талқылады.

Өткен жылы басталған қаржылық дағдарыс кәсіпкерлік саласына ауыр соққы болды. Экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін бизнесті тиімді шартпен несиелендіру маңызды. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын қолға алған еді. Сонымен қатар қарызды субсидиялау көлемі артты.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Бағдарламаны іске асыру кезінде 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері 1,1 трлн теңге сомада қарыз алды. Көріп отырғандай, бүгінгі күні экономиканың шамамен барлық секторлары өсу аймағында тұр. Осыған байланысты бағдарлама осы жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Экономика оң бағытқа шыққаннан кейін проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі аясында ақша-кредит саясатының бағытын өзгертеміз»,-деді Ұлттық банк басшысы. Бүгінде инфляцияның өсуі сыртқы және ішкі факторларға тікелей байланысты болып отыр. Нақтырақ айтсақ, азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарлар және қызмет көрсету саласына тікелей қатысты.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Қазақстан экономикасының қалпына келу процесі белсенді жүріп жатыр. Соның нәтижесінде үй шаруашылықтарының номиналды, сол сияқты нақты ақшалай кірістерінің ұлғаюы, кредиттеудің өсуі және фискалды ынталандырудың жалғасуы аясында халықтың тұтынушылық белсенділігі артады. Ұлғайып жатқан сұраныс негізінен тұтыну тауарларының импортына қайта бөлінеді.

Қаржыгерлердің айтуынша, экономиканы тұрақтандыру үшін импортқа деген сұранысты азайтып, ішкі нарықтағы саясатты мемлекеттік қолдаудан бәсекелестік деңгейіне өту керек. Нәтижесінде бұл қадам ақша-кредит саясатын арттырып, инфляциялық қысымды азайтады екен.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Влентин Лобанов