Маңғыстаудағы Қарақия ауданының тұрғыны ешкі мен түйеден табысқа кенеліп отыр

Қарақия ауданының тұрғыны Қуаныш Даншабаев ешкінің және түйенің етін саудалап, табысқа кенеліп отыр. Биыл қазан айында 4 млн теңгеге асыл тұқымды 6 бас симментал сиыр сатып алған. Осы мақсатына жету үшін микроқаржы ұйымында жеңілдетілген несие рәсімдепті. Кәсіпкер сүт өнімдерін алдымен туған ауылы Мұнайшыда нарыққа шығаруды жоспарлап қойған.

Қуаныш Даншабаев, фермер:

- Сүтін сауып, тапсырамыз дүкендерге. Одан қалғанына ірімшік, брынза дайындаймыз. Оралға барып 6 сиыр, 5 тонна кебегімді алып келдім. Басқа банктермен салыстырғанда несиенің проценті жеңілдеу. 6 ай каникулы бар. 1 ай оқып, кредитімізді алдық.

Автомеханик Ғарифулла Ақмұратов Баянды ауылында техникалық қызмет көрсету орталығын ашты. Өз қаражатына 5 көлік жөндеуге арналған бокс жасапты. Ал құрал-жабдығын әкеліп, орнатуға мемлекеттен берілген 7 млн 200 мың теңгені жұмсаған. Көп ұзамай бұл жерге бірнеше адам жұмысқа кірген.

Ғарифулла Ақмұратов, ТҚКО жетекшісі:

- 5 балаға жұмыс беріп, әрі қарай дамытамыз деген ойдамын. Күніне 3-4 машина жасау мүмкіншілігімізде бар. Жұмыс жасаймын деген адамдар болса, мемлекеттен көмек болады екен. Бизнес-жобаны өздері дайындап, жасап берді.

Әсет Байбосынов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиал директоры:

- Маңғыстау облысына 1 млрд теңге қаражат қарастырылған. 6 процентпен оны алу үшін «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша сертификат иесі болу керек. Жұмыссыз адамдарға бұл тиімді. Несие алғаннан кейін жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Бүгінгі күнге 60-тан аса жобаларды 283 млн теңгеге несиелендірдік. Қаражат бүгінде бар. Келемін деушілерге есік ашық.

Шағын несиеге қол жеткізу үшін кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсын аяқтау қажет. Дәріс тегін жүреді. Сондай-ақ кепіл мүлкінің болуы шарт. Мал өсіру бағытында берешек қаржыны қайтару мерзімі 7, қалған салаларда 5 жылға дейін. Жалпы аграрлық несие корпорациясы өңірлерде бизнесті қолдау үшін микроқаржы ұйымдарын қорландыруға арналған кредиттік желілерді ашуға 22,5 млрд теңге бөліп отыр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев