Маңғыстау облысына қосымша 3,5 мың тонна газ жеткізіледі

Мемлекет басшысы Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды тезірек реттеуді тапсырды.

Кеше мұнда газ бағасының көтерілуіне байланысты тұрғындар наразылық білдірген еді.  Бұл туралы Касым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында: 

«Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс» деп жазды.

Президент одан соң «Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек» деп атап өткен.

Таяуда өңірде 1 қаңтардан бастап газ қымбаттады деген ақпарат тараған. Жұрт осыған байланысты сұйық отынның бағасын 60 теңгеге дейін төмендетуді талап еткен. Маңғыстау облысы әкімдігінің мәлімдеуінше өңірдегі жалғыз газ өңдеуші зауыт айына 14,5 мың тонна сұйытылған газ өндіреді. Бірақ қазіргі қажеттілік 18 мың тонна болғандықтан сұранысты қамтуға шамасы жетпейді. Осыған байланысты қосымша 3,5 мың тонна газ жеткізіледі.