Ә.Смайылов денсаулық сақтау жүйесіне аудит жүргізуді міндеттеді

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаражаттың тиімділігін бақылау жүйесін сынға алды, деп хабарлайды Хабар 24.

Оның айтуынша, былтыр денсаулық сақтау саласына бағытталған республикалық бюджет қаражатының 90%-ке жуығын осы қор әкімшілендірді. Алайда ұсынған көрсеткіші көңіл көншітпейді. Сол үшін қор қызметін бақылау мен қаражатты тиімді жұмсау индикаторларының нақты жүйесін әзірлеу керек. Үкімет басшысы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруды кезең-кезеңмен жергілікті деңгейге беруді тапсырды. Қор мемлекеттік қаражатты әкімшілендіруді біртіндеп тоқтатып, сақтандыру медицинасын дамыту мәселелеріне және қаржыландырудың қосымша көздерін іздеуге баса көңіл бөлуі тиіс. Әлихан Смайылов аз уақытта денсаулық сақтау инфрақұрылымына тәуелсіз кешенді, техникалық аудит жүргізуді міндеттеді.