Шетелге 150 млрд теңге шығармақ болған

Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері жыл басынан бері 150 млрд теңгені шетелге шығармақ болған пысықайлардың жолын кесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысына есеп берген агенттік төрағасы Жанат Элиманов осылай деді. Айтуынша, биыл өзге елдерге ақша шығару деректерінің бірте азайып жатқаны байқалады. Шамамен 30 процентке кеміген. Бірақ мамандар сонда да мүдделі органдармен бірлесіп қолма-қол валютаны заңсыз шығаруға бақылауды күшейтіп жатыр. Сонымен қатар Қазақстан-Қытай шекарасында тексеру жұмыстары жүргізілуде. Үш аптаның ішінде тауарды заңсыз әкелу фактілері бойынша 8 қылмыстық және 24 әкімшілік іс қозғалды. Мемлекет басшысы көлеңкелі экономикамен күресті одан әрі күшейту қажетттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл тоқтатылған күдікті операциялардың саны 3 еседен асқаны және олардың жалпы құны 150 млрд теңгеге жуық екені баяндалды. Осы деректер бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Агенттіктің мәліметі бойынша шетелге ақша қаражатын шығарудың күрт көбейгені байқалмайды. Керісінше биыл шетелге аударылған қаржы 30 пайызға азайған.