Жібек жолы бойындағы қалалар арасында саяхаттар ұйымдастыру мәселесі қозғалды

Әзербайжанның Шамахы қаласында Түркі мемлекеттер ұйымының туризм бойынша жұмыс тобынының 17-отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосу барысында қатысушылар бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетіктерін талқыға салды.

Мәжіліске Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және Венгрияның тиесілі мекемелерінің өкілдері мен туризм мамандары қатысты. Басқосу өткен ежелгі шығыс қаласы - Шамахы 2023 жылға Түркі дүниесінің туризм астанасы болып таңдалды. Отырыста талқыланған басты тақырыптардың бірі – Жібек жолы бойында орналасқан қалалар арасында саяхаттар ұйымдастыру.  

Ержан Еркінбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

- Әр ел туризмді белсенді дамытып келеді. Бұл тау шаңғы шипажайлары және ұлттық саябақтар мен қорықтарды дамыту. Күш жұмылдырсақ, Жібек жолының да әлеуетін биік көтере аламыз. Халықаралық сарапшылардың есебінше, Қазақстанға саяхат жасайтын туристер. сонымен қатар Орталық Азияның тағы екі-үш елін аралығысы келеді.  Мұны пайдалану керек. 

Қазақстан мен өзге түркі елдері арасында шамамен 120 әуе рейсі қатынайды. Ал Әзербайжанмен әуе қатынасына келетін болсақ, аптасына екі ел арасында 9 рейс бар. Қос тарап арасындағы келіссөздер барысында екіжақты туризмді дамыту мәселелері қарастырылды.  

Ержан Еркінбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

- Мысалы, біз тау шаңғы шипажайларына абонементтерді біріктіруді ұсындық. Өзбекстан да бұл саланы дамытып жатқанын және Әзербайжанның Шахдагты кеңейту бойынша үлкен жоспары бар екенін білеміз. Түркияда Эрзерум жақсы дамып келеді. Біз бірыңғай скипасс енгізе аламыз немесе Шымбұлақта Шахдаг күндерін немесе Амирсойда Шымбұлақ күндерін өткізуге мүмкіндіктеріміз бар. Барлығы осы жобаларды қолдады. Бізде Ақтау секілді жаңа нысандар, мейманханалар, аквапарк, гольф-клуб салынған керемет орын бар. Бұл Бакуге қыдыруға келетін туристерге қосымша саяхат болуы мүмкін. Небәрі 45 минутта Ақтауға ұшып келіп, демалысын үш күнге ұзартуға мүмкіндік бар. Осы жобалар жақын арада жүзеге асатынына үміттіміз және Түркістанда бәрін қарсы аламыз.

Басқосу қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттерінің туристік жол картасы қабылданды. Сондай-ақ қатысушылар Түркі Кеңесі жанында мәдени мұра насындарын сақтау қорын құруды ұсынды.

Айгюн Гасан