Қытай елімізбен ұлттық валютада есеп айырысуды арттырмақ

Қытай елімізбен және Орталық Азия елдерімен ұлттық валютадағы есеп айырысуды күшейтпек.

Бұл туралы аспанасты елінің Сыртқы істер министрі Ван И мәлімдеді. Тиісті мәселе елордада өткен Сыртқы істер министрлерінің үшінші кеңесінде сөз болды. Тараптар түрлі салаларда жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға келісті.

Атап айтқанда, пандемиямен күрес бойынша күш-жігерді біріктіріп, вакциналар мен медициналық препараттарды бірлесіп әзірлеуге ниетті екендерін жеткізді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау бойынша өзара тәжірибе мен технологиялар алмасуға бағытталған келісімдерге қол қойды. Уағдаластықты іске асыру үшін жол картасы әзірленді.

Ван И, ҚХР Сыртқы істер министрі:

- Кездесу өте жемісті және мазмұнды болды. Біз дәстүрлі достық, ашықтық және прагматизм рухында өткен пікір алмасуға қанағаттанамыз. Бұл кездесудің мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтуі өте маңызды. Қос елдің Президенттері көтерген бастамаларды іске асыру мақсатында Жол картасын қабылдау маңызды қадам болды.