Ұлттық банк төлем карточкаларының жаңа жүйесін іске қосты

Қазақстан Ұлттық Банкі Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін (бұдан әрі – ТКБЖ) өнеркәсіптік пайдалануға қосқанын хабарлайды. Бұл жүйе Қазақстан аумағында төлем карточкалары арқылы жасалатын банкаралық транзакцияларды өңдеуге арналған.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі хабарлады.

ТКБЖ-ны құру және оны іске қосу – төлем карточкалары нарығының қауіпсіздігін және үздіксіз жұмыс істеуін, қазақстандық банктер үшін ішкі есеп айырысулардың кепілдігін қамтамасыз етеді.

Жүйені әзірлеу Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелерімен (бұдан әрі – ХТЖ) және төлем карточкаларының нарығына қатысушы банктермен өзара тығыз байланыста жүзеге асырылды.

ТКБЖ-ны құру аясында жергілікті карточкалық инфрақұрылым жасалып, тиісті нормативтік құқықтық база қалыптастырылды. Сонымен бірге қазақстандық банктер эмиссиялаған төлем карточкалары бойынша жергілікті операцияларды өңдеуді ұйымдастыру бойынша ХТЖ-мен келісімдер жасалды.

Қазіргі уақытта ТКБЖ-ға төлем карточкаларымен қызмет көрсететін банктер қосылған. Банктердің жергілікті карточкалық транзакцияларының трафигін аудару, оның ішінде банк жүйелерін бейімдеу және халықаралық төлем жүйелерімен өзара іс-қимыл процестерін қайта баптау бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді.

ТКБЖ операторы – «ҚРҰБ Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы» РМК – Қазақстан Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:

8 (7172) 77–52–10

e-mail: press@nationalbank.kz

www.nationalbank.kz