Атырау тұрғыны Франциядан әкелінген ешкіні өсіруді табыс көзіне айналдырды

Атырауда Аманжан Құсайынов есімді азамат ерекше ешкі тұқымын өсіріп отыр. Франциядан әкелінген «альпі» тұқымды Сексек ата төлінің қарапайым ешкіден айырмашылығы – жүні тықыр болғандықтан түбіті жоқ, тіпті мүлде қырқылмайды. Тағы назар аударарлығы, жеген азығының 90 проценті сүтке кетеді екен. Содан болар оған қысы-жазы құнарлы азық керек. Ешкілердің жемі үшін арнайы гидропоникалық құрылғыда арпа өсіріледі. Онан өзге жүгері мен сұлы тартылып беріледі. 

Бұл түліктің ерекшелігі сүт бағытындағы мал болғандықтан жылына 1 мәрте ғана төлдейді. Жылына 10-11 ай сауылады. Мысалы, қазір өзіміз бағып жүрген ешкілер күніне 1 литр сүтті зорға берсе, альпілік тұқымның өнімі онан 3 еседей көп көрінеді. Шағын шаруашылықта сүт өндіру толық автоматтандырылған. Сүт осы жерде өңделіп, одан балаларға арналған 4-5 түрлі өнім шығарады.

Әсия Ағысова, Аманжанның жұбайы:

- Күніне 2 мезгіл сауамыз. Таңертең және кешке. Сүтін өңдейміз. Йогурт сүт шығады. Сүтті балалар ішеді. Сосын қаймақ. Сүттің пайдасы зор. Зертханадан өткізіп қарадық. Ана сүтімен тең ғой, ешкі сүті. Қырқынан шыққан баладан бастап, 1-2 жасқа дейінгі сәбилерге осы ешкі сүтін беріп өсірген тұтынушыларымыз бар.

Аманжан ешкінің осы тұқымын өсірумен 2014 жылдан бері  айналысып келеді. Ілгеріде Мәскеу арқылы Франциядан әкелген 2 ешкі мен 1 текеден бүгінде шағын отарға айналған. Айтқандай, асыл тұқымды түліктің бір қиындығы өз төлінен көбейгенімен аталығын үнемі ауыстырып отыру керек. Сондықтан шаруа жыл сайын алыс Еуропадан теке тасымалдап келеді. Бірақ жаңалыққа жаны құмар малшы бұл тірлігін бизнес деп санамайтын секілді. 

Аманжан Құсайынов, шаруашылық иесі:

- Бір отбасына жасалған шаруа. Өзім баламен қораны бақылаймын. Су автоматты жүйеде. Гидропоникалық жасыл азық оны қыста береміз. Қыста сүт аламыз, төл аламыз. Соның барлығын осы жанұямызбен жасаймыз. Мал басын көбейтуге болады, жер болса, женм-шөбің болса. Мал басын көбейтіп балмұздақ та, басқа да Еуропанң жасап жатқан нәрсесін осы Құлсарыда жасауға болады.  

Жалпы бүгінде облыста осындай 18 шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Әсіресе ет бағытындағы еділбай қойлары мен қазақтың ақбас тұқымды сиырына сұраныс жоғары. Шығыны аз, өнімі мол түлік түрін көбейтуге биыл тағы 12 шаруашылық ниет біліріп отыр. Оның ішінде тауарлы сүт өндіретін ешкі фермасы да бар. Енді жылойлық Азамат Құсайыновтың ерекше ешкілері көбейсе, осындай тағы бір ферманы салмақ.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов