Британияда жалпыұлттық локдаун тағы жарияланды

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон наурыз айында болған бірінші карантиндегідей халықты үйде отыруға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биліктің мұндай қадамға баруының басты себебі – COVID-19-дың жедел таралуы.

Бүгіннен бастап жергілікті халық жаңа тәртіпке бағынулары керек. Азық-түлік өнімдерін сатып алуға, спортпен айналысуға ғана сыртқа шығуға рұқсат етіледі. Басқа уақытта үйде отыру міндеттеледі. Барлық мектептер мен колледждер онлайн-оқуға көшеді. 

Дүйсенбі күні Ұлыбританияда 60 мыңға жуық коронавирус жағдайы тіркеліп, вирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші пандемия басталғалы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Жетінші күн қатарынан күн сайын 50 мыңдай адам індеттің ілмегіне ілінсе, соңғы тәуліктің өзінде 407 науқас COVID-19-дың құрбаны болған.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Бір анығы вакцина толық егілмейінше, біз біріге отырып, әрекет етуіміз керек. Сондықтан Англияда жалпыұлттық қатаң локдаун жариялауға мәжбүрміз. Сол кезде ғана вирустың жаңа түрі ауыздықталмақ.

Премьер-министр Борис Джонсонның пікірінше, коронавирустың мутацияға ұшыраған түрі өте жылдам тарап келеді. Ұлттық денсаулық сақтау қызметі науқастарға ем-дом көрсетіп үлгермей жатыр. Алдағы 21 күн ішінде кейбір аймақтардағы ауруханаларда бос орындар болмауы мүмкін. Англияда соңғы аптаның өзінде емделіп жатқан науқастардың саны үш есеге артқан. Бұл сәуірде болған бірінші толқынмен салыстырғанда 40 процентке көп. Қоғамдық пікірді зерттеумен айналысатын YouGov компаниясының мәліметінше, британиялықтардың 79 проценті жаңа локдаунды қолдайды.   

БЛИЦ:

– Меніңше, локдаун әлбетте керек. Егер үкімет солай деп шешсе, біз бағынуымыз қажет. Шынымды айтсам, ұзақ уақыттан бері карантинде өмір сүріп үйреніп қалдық.

– Мен бәрінің дін аман болғанын қалар едім. Бұл өте маңызды. Сондықтан локдаунды қолдаймын.

Біріккен Корольдік құрамына кіретін Шотландия мемлекеті де жалпыұлттық локдаун жариялады. Уэльс үкіметі болса, барлық мектептер мен колледждер онлайн форматқа көшуі керек деп шешті. Англиядағы локдаун ақпан айының ортасына дейін жалғаспақ.

 Ғалымжан Қараманұлы