Лондон мэрі төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды

Ұлыбританияда COVID-19-дан қайтыс болғандар саны бойынша жаңа қайғылы рекорд орнады. Соңғы 28 күн ішінде коронавирус диагнозы қойылған 1325 адам өмірмен қоштасты. Жалпы алғанда пандемия басталғалы ковидтің құрбаны болғандар саны 80 мың адамға жуық. Әсіресе жағдай ел астанасында ушығып тұр. Сондықтан Лондон мэрі Садик Хан төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Лондон ауруханалардағы науқастар саны бойынша Англияда көш бастап тұр. Ауруларға арналған бос төсек-орын таусылуға жақын. Жергілікті заң бойынша төтенше жағдай жарияланған кезде бүкіл шұғыл қызмет ортақ іске жұмылдырылады. Мәселен, бүгінде 100-ден астам өрт сөндіруші жедел жәрдем қызметінің көліктеріне уақытша отырып, көмек көрсетіп жатыр. Қала мэрі «егер сақтық шаралары шұғыл түрде қолға алынбаса, құрбандар саны артуы мүмкін» деп дабыл қақты. Ол Лондон тұрғындарынан аса қажет болмаған жағдайда үйден шықпауды, үкіметтен шіркеулер мен мешіттерді жабуды өтінді. 

Садик Хан, Лондон қаласының мэрі:

- Вирусты бақылауда ұстай алмай қаламыз ба деп қорқамын. Ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне салмақ шамадан тыс түсуі мүмкін. Медицина қызметкерлерінің еңбегі ерлікпен пара-пар. Бірақ егер алдағы екі аптада вирустың таралуы азайып, науқастар саны кемімесе, ауруханаларда бос орын болмауы мүмкін. Лондон бойынша 30 тұрғынның біреуі, ал кейбір аймақтарда 20 тұрғынның біреуі індеттің ілмегіне ілінген. Ковид жұқтырып, ауруханада жатқандар көктемгі пандемияның бірінші толқынымен салыстырғанда 35 процентке көп. 

Мэрия мәлімдегендей, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғандардың саны бір аптаның ішінде 640-тан 908 адамға, яғни 42 процентке өскен. Бүгінгі таңда Лондон ауруханаларында 7 034 науқас бар. Жедел жәрдем қызметі күніне 8 000 шақыру қабылдап жатыр. Әдетте қарбалас шақта олардың саны шамамен екі есе аз болатын. Дәрігер мамандардың айтуынша, пандемияның екінші толқыны қаңтар айының соңына дейін жалғасуы мүмкін. 

Автор: Ғалымжан Қараманұлы