Әлемде 13 жылда 40 млн гектар орманды алқап жойылған

13 жыл ішінде әлемде орман жамылған жерлердің ауданы 40 миллион гектарға қысқарған.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры осындай дерек келтірді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл Парагвай мен Ирак елдерінің аумағымен бірдей жер дейді аталған ұйым өз баяндамасында. Құжатта көрсетілген мәліметке сүйенсек, бүгінде орман алқабы Бразилия, Аргентина, Малайзия мен Мадагаскарда үлкен қарқынмен жойылып барады. Айта кетейік, бұған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы да ағаш кесуге қатысты көңіл көншітпейтін хабарлама жасаған еді. Оның мәліметі бойынша, соңғы 30 жылда 420 миллион гектар орман жойылып кеткен. Дегенмен қазіргі таңда жасыл желекті жою біршама бәсеңдеген көрінеді. Жалпы бүгінде әлемдегі орман қорының жартысынан астамы 5 елге тиесілі. Олар: Ресей, Бразилия, Канада, АҚШ пен Қытай.