Грузиядағы көне қамал құрудың аз-ақ алдында тұр

Грузиядағы ежелгі қамал құрып бара жатқан мәдени мұра ескерткіші ретінде еуропалық тізімге енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нарикала қорғаны Тбилисидің негізі қаланған жартаста орналасқан. Бұл жерден «Жібек жолы» бойынша әртүрлі елдердің көпестері өтіп, қамал қасындағы алаңда сауданың көрігін қыздырған. Нарикала сәулет өнеріндегі көне грузин дәстүрінің айнасы іспетті. Бірақ оның сыры тым тереңде жатыр екен. Қорғанды парсы-мұсылман мәдениетінде тәрбиеленген грузиннің Рүстем ханы тұрғызыпты.

Грузия астанасына келген туристердің көзіне бірінші осы қамал түседі. Нарикала туралы алғашқы жазба IV ғасырға тиесілі. Көне қорған түрлі соғыстар кезінде бірнеше рет құлап, қайта тұрғызылған. Біздің заманға жеткені – ХVII ғасырда қалпына келтірілген нұсқасы. 19 ғасырдағы зілзала қамалдың қабырғаларын қиратқан. Бірақ дұрыс жөнделмеген. Сондықтан біржола жойылуы мүмкін. Биыл Нарикала «Еуропа Ностра» тізіміне енгізілді. Құру қаупі төнген мәдени мұраларға арналған бағдарламаға Австрия, Болгария, Франция және басқа елдердің де нысандары кіргізілді.

Манана Вардзелашвили, Грузияның Мәдени мұра агенттігі ЮНЕСКО бөлімінің басшысы:

– Аталған бағдарлама арқылы тікелей қаржы түспейді. Тек барлық қоғамның үндеуін біріктіріп, мемлекет пен халықаралық қауымдастықтың қаражат бөлуіне ықпал жасайды. Интеллектуалды және материалдық ресурсқа назар аудартады. Мұндай тәсіл Еуропа мәдениетінде өте маңызды.

Яғни, бұл бағдарлама грузин қамалының Еуропа үшін маңызды әрі қызықты екенін көрсетеді. Қорған жанындағы алаң әдетте туристен босамайтын. Бірақ індет келгелі олардың қарасы көрінбейді. Тек бірен-саран суретші ғана кездеседі.

Гүлнар Утева-Натрадзе, көркем студия жетекшісі:

– Бәрі осы жерден басталған. Сосын қала кеңейіп, қамал да өсе түсті. Себебі Үндістаннан сауда керуені келетін. Түйелермен алтын, кілем, түрлі дәмдеуіштер жеткізілетін.

Нарикала – еуропа қауымдастығы назар аударған жалғыз грузин ескерткіші емес. Мәдени мұра тізіміне VI ғасырға тиесілі Давид-Гареджа монастырь-кешені де енген. Мамандардың айтуынша, көне нысандарды қалпына келтіру үшін көп жыл керек.

Авторлар: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина