Грузия 1 ақпаннан бастап тұрақты әуе рейстерін қайта қалпына келтіреді

Бірақ елдегі шектеулер күшін жоймайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан бизнестің кей өкілдері, әсіресе мейрамхана мен туризм саласында қызмет етушілер карантин кезінде шекараны ашу қисынсыз дейді. Олардың пікірінше, шектеу шаралары саяхатшыларға кері әсер етіп, шағын бизнесті банкротқа ұшыратуы мүмкін.

Грузия аспаны бір жылдай жабық болды. Туристік мемлекет үшін бұл экономиканың күйреуімен пара-пар. Ал 1 ақпаннан бастап елде тұрақты әуе рейстері қалпына келтіріледі.

Натия Турнава, Грузияның экономика және тұрақты даму министрі:

– Бұл шешім ақпанның екісінен бастап Грузия аспаны ұшақтарға толады дегенді білдірмейді. Мұның барлығы біртіндеп болады. Әуе компаниялары қашан және қай кезде ұшуды өздері анықтайды. Жағдай бұрынғыдай оңала қоймайды. Туристер легі де эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпсіз елдерге ағылатыны анық. Қонақ үйлер жұмыс істегенмен, қысқы тау шипажайлары жабық болады. Бірақ бізде өзге де көрікті жерлер баршылық.

Ал қалаларда карантиндік жағдай сақталған. Шаһарларда қоғамдық көлік, музей және театрларға шектеулер бар. Жаппай іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Комменданттық сағат жалғасып келеді. Мейрамханалар мен дәмханалар тағамды жеткізіп беру бойынша жұмыс істейді. Егер індет басталғанда Грузияда 10 мыңға жуық тамақтану орны болса, қазір олардың саны 2 есе қысқарды. Тіпті кейбірі банкротқа ұшыраған.

Шота Бурджанадзе, Грузия мейрамханалар қауымдастығының вице-президенті:

– Ресми дерекке сүйенсек, салада 250 мың адам жұмыссыз қалған. Егер ақпанның 1-інен бастап туристік фирмалар ашылса, біртіндеп мейрамхана бизнесі де іске қосылады деп уәде беріп жатыр. Менің ойымша, бәрін жабу тығырықтан шығудың жолы емес. Біз індет жағдайында сақтық шараларын орындап, жұмысты жалғастыруды ұсынамыз.

Грузия мейрамханалар қауымдастығы өкілдерінің пікірінше, бұл бизнестің жойылып кету қауіпі бар. Өйткені олардың 95 проценті ғимаратты жалға алады. Мейрамхана, бар және дәмханалар бірнеше ай бойы жабық болғандықтан оның құнын төле алмайтын жағдайға жеткен. Шектеулерді алған соң бұрынғы тағамдану орындарының тек 30 проценті ашылуы мүмкін. 

Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили