Көрші елде бала саудасы қызып тұр

Өзбекстанда бала саудасы қызып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балаларынан безінген безбүйрек ата-аналар туған нәрестелерін 15 мың долларға бағалап жүр. «Бүлдіршіннің ертеңін ойламаған аналар жыл сайын көбейіп келеді», деп жергілікті билік дабыл қағуда.

Екі жарым мың долларлық бала. Айтуға да аузың бармайды. Бірақ бұл бассыздық – екі апта бұрын Самарқанда тіркелген факт. Ал 10 күн бұрын мұндай сорақылық Бұқара облысында да қайталанды. Ақшаға құныққан енді бір безбүйрек ана дүниеге келмеген шақалағын саудаламақ болып, баланың құнын 5 мың долларға бағалаған екен.

Былтыр Өзбекстанда адам саудасына қатысты қылмыстардың 43 проценті нәресте сату дерегімен байланысты. Соңғы үш жылда көкек аналар 114 нәрестені тірі тауарға айналдырған. «Бұл сан жыл сайын өсіп келеді», деп жергілікті билік дабыл қағып жатыр.

Санжарбек Тошбаев, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Өзбекстандағы кеңсесінің басшысы:

Соңғы үш жылда 114 бала табыс көзіне айналса, соның 89 проценті 1 жасқа толмаған нәрестелер. Шақалағын сатқан аналар өз әрекетін былай түсіндіреді. 31 проценті мұндай қадамға әлеуметтік жағдайы қиын болғандықтан барған. 17 проценті некесіз туған баласын жасырмақ болды. Қалған 52 проценті ақша таппақ оймен бүлдіршінін сатып жіберген.

Бауыр еті баласынан ақша үшін безінетіндер – көбіне тұрмысы төмен әйелдер. Ресми сандарды сөйлетсек, бүгінде Өзбекстанда орташа айлық жалақы 300 доллардан кем.

Ал нәресте сатып, 500 доллардан 15 мың долларға дейін пайда табуға болатын көрінеді. Көрші елдегі мұндай сұмдық сауданың қызып тұрған енді бір себебі – бала асырау процесінің қиындығы.

Санжарбек Тошбаев, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Өзбекстандағы кеңсесінің басшысы:

Өзбекстанда баланы асырап алу процесі күрделі. Біріншіден, қағазбастылық, екіншіден, бұл процес ашық жүрмейді. Шикілік көп. Үшіншіден, азаматтар бала асырап алудың заңды әдістерін білмейді.

«Жетесіз жастан некесіз бала туып, артынша одан құтылмақ болған фактілер де көңілге қаяу түсіреді», дейді мамандар. Өйткені тұрмыс құрмай босанған қыз-келіншектер ата-анасының, туған-туысының, одан қала берді бүкіл ауылдың қаһарына ілініп қаламын ба деп қорқатын көрінеді.

Бүгінде көрші елде адам саудасы үшін 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Авторлар: Ж.Біркенов, Қ.Оспан