Мигранттардың мәселесі халықаралық ұйымдарды қайта алаңдатты

Мәселен, пандемия басталғалы миграция мен көші-қонның өзектілігі одан бетер күрделене түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыбританияда нәпақасынан айырылған миграттар елден кете бастаса, АҚШ-қа ағылған заңсыз келімсектердің нөпірі көбейген.

АҚШ-қа ағылған мигранттардың нөпірі басылар емес. Гондурастан шыққан мыңнан астам босқын Мексика мен Гватемаланың шекарасынан өте алмай тұр. Мигранттардың құрама штаттарына бет алуына АҚШ президенті Джо Байденнің сайлауалды уәдесі түрткі болды. Жуырда Ақ үй басшысы АҚШ-қа бала кезінде келген заңсыз келімсектерді алдағы 3 ай бойы елдеріне департацияламау туралы қаулыға қол қойған. Бірақ Техас соты жаңа президенттің бұл шешімін екі аптаға бұғаттап тастады. Техастың бас прокуроры Кен Пакстонның айтуынша, жаңа заң штат экономикасына орасан зор шығын әкеледі. Байден әкімшілігі Техас сотына қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Иммиграция мәселесі бойынша жаңа заң жобасын енгізетін боламын. Құжат тиісті комитеттерге жетеді. Істі соңына дейін жеткіземіз.

Эбер Соса, мигрант:

– Джо Байденнің сайлауалды уәдесінің орындалуын күтіп отырмыз. Бұл жерге Гондурастан келдім. Алдағы өмірімізге алаңдаймыз.

Қыстың қақаған суығынан Хорватия мен Босния шекарасындағы босқындарға да оңай соқпай тұр. Өзге елде сандалып жүрген келімсектер Батыс Еуропаға табан тіремек болған. Мигранттар шекара сақшыларынан қысым көргендерін айтып шағымданады. Әсіресе балаларға қиын болды. Паналап жүрген шатырларының ішінде жылу жоқ. Гуманитарлық ұйымдар аймақтағы жағдайға қатысты дабыл қағып биліктен көмек сұрап отыр.

Мухаммад Хан, мигрант:

– Жағдайымыз өте қиын. Күн болса суытып кетті. Оған қоса ауыз су жоқ. Түнеп жүрген жеріміз өте лас. Уақытылы тамақтанбаймыз. Асты қай жерде дайындайтынымызды да білмейміз. Бізге тұратын таза жер мен азық-түлік керек.

Еуроодақ елдері мигранттарды қабылдауға асықпайды. Бұған құрлықтағы эпидемиологиялық ахуал мен аймақта белең алған жұмыссыздық мәселесі себеп дейді билік өкілдері. Ұлыбританияның өзінде өткен жылы халық саны 8 процентке қысқарған. Мәселен, нәпақасыз қалған мигранттар күн көрісі қиындаған соң өз еліне орала бастаған көрінеді.

Арайлым Жаксылыкызы, Асель Жанбыршы