Қырғызстан мемлекеттік қызметкерлерін жаппай қысқарту күтіп тұр

Қырғызстанда жаңа премьер-министрлік пен мекеме қызметшілерінің жартысынан көбі қысқартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парламент Үкіметтің жаңа құрамын бекітіп қойды. Қырғыз елінде қандай әкімшілік өзгерістер болады?

Қырғызстанда бұған дейін министрлік, мемлекттік агенттік және түрлі қорлардың саны 28 еді. Үкіметтің жаңа басшысы елге соларың 12-сі жеткілікті деп шешті. Қысқарту арқылы бір ведомствоға бірнеше жауапкершілік жүктеледі. Мысалы, Қаржы министрлігі Ұлттық экономика мәселелерімен айналысады. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіне ерекше мәртебе беру көзделген.

Улукбек Марипов, Қырғызстан премьер-министрі:

- Ауылшаруашылық және аймақтарды дамыту министрлігінің мәртебесі түбегейлі өзгертіледі. Соңғы жылдары бұл мекеме тек статистика жинаумен айналысып келген. Енді жердің құнарлығын арттыру, жарамды жерлер мен жайылымдарды есептеу, санитар және фитосанитарлар жеке-жеке жұмыс істейді. Біз мекемені тиімді басқару үшін осындай қадамға барып отырмыз.

Гидроэнергетика мен өнеркәсіп – Қырғызстан үшін маңызды салалардың бірі. Бірақ жаңа үкімет бұл жерде екі министрліктің болуы қисынға келмейді деп есептейді. Әлеуметтік сала жұмысы да өзекті. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігігі өзгеріссіз қалады. Бірақ оған Еңбек және әлеуметтік қорғау міндеттері жүктелуі мүмкін. Яғни бюджеттік қаржы үнемделеді. Оның тапшылығы 400 миллион доллардан асып тұрғанда әр тиын маңызды. Ал Аймақтық интеграция мәселесін премьер-министр өз жауапкершілігіне алады.

Улукбек Марипов, Қырғызстан премьер-министрі:

- Бұл бағытта бар күшімізді саламыз. Жоспарымызда тауар импорты мен экспортын оңтайландыру бар. Тауарларды жіберу кезінде тексеру және өзге операциялық жұмыстарды қысқарту көзделіп отыр. Өнімдерімізді көрші елдерге шығаруымыз керек. Біз үшін Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан және Қытаймен байланысты нығайту маңызды.

Елде әскери саладағы бас штаб Қорғаныс минситрлігі болып қайта құрылады. «Бұл шешім армияның дайындығы мен санына еш әсер ете қоймас», - дейді сарапшылар. Ал өзге министрліктерге келетін болсақ, шененуніктерді жаппай қысқарту күтіп тұр. Яғни елдегі 18 мың мемлекеттік қызметшінің басқа жұмыс іздеуіне тура келеді деген сөз.

Авторы: Бакыт Чермашев