Бельгияда алғашқы вакциналау орталығы ашылды

Бұл жерден алғашқы аптада 600-ге жуық медицина қызметкері екпе алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы ел бойынша 280 мың тұрғын вакцина салдырған. Бұл халықтың шамамен 3 проценті. Олар негізінен қарттар үйлерінің тұрғындары мен шұғыл ем жасайтын ауруханалардың қызметкерлері. Бұған дейін Бельгияға 3 компаниядан 450 мыңдай доза жеткізілген еді.

Жанат Эрнст, тілші:

– Біз Брюссельдегі Пашеко даңғылының бойында орналасқан Бельгиядағы алғашқы вакциналау орталығының жанында тұрмыз. Бұл жерде бұрын COVID-19 тестілеу орталығы болған еді. Сондықтан ғимарат вакциналарды сақтау және тарату бойынша инфрақұрылыммен жақсы жасақталған. Қазір мұнда жасы 50-ден асқан дәрігерлер, тіс дәрігерлері мен үйлерге барып қызмет көрсететін медбикелер екпе алуда. Орталықта әзірге күніне 100-ден 150-ге дейін вакцина салынуда, бірақ орталық әкімшілігі екпе қабылдаушылар санын жақында күніне 900 адамға дейін жеткіземіз сенеді.

Бельгиялықтар вакциналауға шақыруды пошта немесе электронды түрде алады. Екінші доза біріншісі салынғаннан кейін 3-4 аптадан соң салынуға тиіс. Екі дозаны алған науқасқа арнайы порталға тіркеліп, екпе туралы куәлік берілуі үшін жеке QR-код жіберіледі. Сарапшылар екі рет егілген науқастар вирусты қайта жұқтырамын деп қорықпаса болады дейді. Бірақ елде ұжымдық иммунитет әбден қалыптасқанша барлық санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтаған абзал.

Катрин Балаган, медбике:

- Мен өзімді жақсы сезінемін, ешқандай мәселе жоқ. Екпенің бірінші дозасын алдым, бәрі сәтті өтті. Теріс реакция байқамадым.

Герсак, тіс дәрігері:

- Бәрі жақсы, әзірге жанама әсер байқаған жоқпын. Екпе алғаныма қуанып тұрмын. Екінші дозасын бір айдан кейін салдыртамын.

Дирк Рамаекерс, вакциналау стратегияларын енгізу бойынша арнайы топтың басшысы:

– Осы аптада Moderna компаниясы жоспарланған 31 мың 200 дозаның орнына 25 мың 200 доза жеткізді. Бірақ бұдан кедергі жоқ. Алдағы уақытта екпе жеткізу ісі жанданып, діттегін межені қуып жетеміз деп ойлаймын. Жалпы осы аптада 64 мыңнан астам алғашқы доза салынады, ал қарттар үйлерінің тұрғындары екінші дозаны қабылдайды. Moderna компаниясы жасаған вакцинаның 80 мың дозасының алғашқы легі 7 ақпанда келеді деп күтіп отырмыз.

Корольдіктің Денсаулық сақтау жөніндегі жоғарғы кеңесі Astrazeneca компаниясының вакцинасын жасы 55-тен аспаған тұрғындарға ғана салу туралы шешім қабылдағанын айта кеткен жөн. Себебі аталған екпеге қатысты зерттеу егде адамдардың арасында жеткілікті деңгейде жүргізілмеген. Брюссельде жалпы 10 вакциналау орталығын ашу жоспарланған. Сәуірде вакцина жеткізу мерзімі тұрақталған соң, орталықтар айына 375 мың адамға дейін екпе салатын болады.

Жанат Эрнст, Ернат Мелсұлы, Жомарт Ахметов

Сондай-ақ...