Ауаның ластануы: локдаун бұл проблемаға қалай әсер етті?

2020 жылы локдаундар ауаның ластануы проблемасын шешуге өз септігін тигізді. Шведтің «АйКьюЭйр» компаниясының мамандары жүргізген зерттеуінің нәтижесі осыған саяды. Өйткені кейбір кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Көшедегі көлік саны да азайған. Коронавирусқа байланысты ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшері азайғанымен басқа экологиялық қиындық туындаған. Бұл маскалар. 

«АйКьюЭйр» компаниясы әлемдегі 106 елінің деректерін салыстырған. 84 процентінде шектеу шараларына байланысты ауаның сапасы 2019 жылмен салыстырғанда біршама жақсарған. Дегенмен, сарапшылар локдаун алынып тасталғаннан кейін көрсеткіштер бұрынғы деңгейіне қайта оралуы мүмкін екенін ескертеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Нью-Дели әлемдегі ең лас қала деп танылды. Үндістан астанасы үшінші жыл қатарынан антирейтингтің бірінші орнынан түспей келеді. Былтыр мұнда ауаның ластануы 54 мың мезгілсіз қазаға себеп болған. Бұл жолы антирейтингке Нью-Делиден бөлек Үндістанның тағы 30-дан аса қаласы кірген.

Ауасы лас ең лас мемлекеттердің қатарында Қытай да бар. Бірер күн бұрын көрші елдің астанасына соңғы 10 жылда болмаған ірі құмды дауыл соғып, шаһардың экологиялық ахуалын одан бетер нашарлатып жіберді. 

Мамандар коронавирустан ауаның сапасы жақсарғанымен өкінішке қарай қоршаған ортаның ластануы мәселесі өрши түскенін айтады. Мәселе маскаларда. Қазір әлемде әр минут сайын 3 миллион бетперде қоқысқа тасталады. Мамандар мұның соңы экологиялық апатқа әкеп соқтыруы мүмкін дейді. Қазіргі уақытта маскалар пластик шөлмектермен бірдей мөлшерде өндірілетін болған.

Юлия Франк, Томск мемлекеттік университетінің зертхана жетекшісі:

 -Микропластик өте шағын нәрсе болса да ол өз бетіне ауыр металдарды, бензопирен мен өзге де зиянды заттарды көптеп сіңіре алады. Пластикке сапасын жақсарту үшін түрлі қоспалар қосады. Олар тірі ағзалар үшін зиянды болуы мүмкін. 

Американдық ғалымдар осы микропластик жүкті әйелдерден сәбидің ағзасына түсуі мүмкін деп отыр. Олар егеуқұйрықтарға зерттеу жүргізіп, осындай қорытындыға келген. Мамандар пластик құрамындағы химиялық заттар баланың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертіп отыр. 

Автор: Жұлдыз Атагелдиева