Қырғызстандағы қақтығыс аумағынан 848 адам көшірілді

Қырғызстанның Баткен облысындағы қақтығыс аумағынан қауіпсіз жерге 848 адам көшірілді. Бұл туралы қырғыз үкіметінің аймақтағы өкіліне сілтеме жасаған «24 КейДжи» сайты мәлімдеді.

Сондай-ақ Баткенде «Достук» шекара бекетінің өртеніп жатқаны хабарланды.

Тәжістан мен Қырғызстан жағынан шекара жаққа қосымша әскери күштер тартылуда. Осының алдында Қырғызстан мен Тәжікстанның әскерилерінің арасында атыс басталғаны хабарланды. Бұл туралы Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеттің Шекара қызметі мәлімдеді.

Айтуынша, оқты тәжік сарбаздары бірінші болып атып, миномет орната бастаған. Қырғыз шекарашылары тәжік әріптестерін қақтығысты тез арада бейбіт реттеуге шақыруда. Ал Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеті Қырғызстан әскерін айыптап отыр.

Айта кетейік, қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан зардап шеккендер саны 16 адамға жетті. Қырғызстанның Баткен облыстық ауруханасына оқ тиіп, жарақат алған 7 кісі түсті.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарақат алғандардың 1-уі қайтыс болған. Баткен ауданының Көк-Таш ауылының тұрғындары тәжік сарбаздарынан су тарататын бекетте орнатылған видеобақылау камерасын алып тастауды талап еткен. Бірақ екі жақ тіл табыса алмай, бір-бірін тілдеп, тас лақтыра бастаған. Соңы куәгерлердің айтуынша, атысқа және тіпті жарылысқа ұласқан. Қазір Бішкекте Баткен тұрғындарын қолдаған шеру өтіп жатыр. Үкімет үйінің жанына Қырғызстанның оңтүстік аймақтарынан шыққан 500-ге жуық адам жиналды. Олар Тәжікстанға жер бермеуді және жергілікті тұрғындарды шекаралас елдер азаматтарының шабуылынан қорғауды талап етіп жатыр. Әзірге Қырғызстан мен Тәжікстан арасында келіссөздер басталған жоқ. Қырғыз президенті Садыр Жапаров «Фейсбуктегі» парақшасында мәлімдеме жариялады. Онда ол «барлық тұрғындарды, оның ішінде, саяси күштер мен ақпарат құралдарын арандатуға берілмей, араздық отын жақпауға» шақырды. Сондай-ақ Жапаров «тәжік бауырларымызбен тіл табысамыз, барлық мәселелерді шешеміз» деп мәлімдеді.