Бішкек пен Душанбе атысты доғару туралы келісті

Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтері шекарадағы атысты тоқтатып, әскерді қақтығыс аумағынан алып кетуге келісті.

Мұндай уағдаластыққа екі елдің Сыртқы істер министрлерінің келіссөздері негізінде қол жеткізілген.

Қырғыз үкіметінің басшысы Ұлықбек Марипов пен Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзада 30 сәуірде Қазан қаласында кездесетіні белгілі болды.

Баткен облысындағы қақтығыстан 30-дан астам адам жарақат алған, екі жақтан да қаза тапқандар бар.

Көршілес елдердің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеттері атысты бірінші бастады деп бірін бірі айыптады.

Сарапшылардың айтуынша, қырғыз-тәжікке ортақ шекараның 450-дей шақырымы белгіленбеген.

1980 жылғы екі жақты келісімге сәйкес, тарату бекетіндегі су қорының 37 проценті Қырғызстанға, 63 проценті Тәжікстанға тиесілі. Шекараның нақтыланбауы мен суға талас екі ел арасында осындай қақтығыс тудырып келеді.