АҚШ пен ЕО Беларусь аумағынан ұшуға тыйым салуға шақырды

АҚШ Сенатының халықаралық істер жөніндегі комитеті Минскідегі оқиғадан кейін Беларусь аумағынан ұшуға тыйым салуға шақырды.

Бұл бастаманы Ұлыбритания, Германия, Латвия, Польша, Чехия және өзге Еуроодақ елдерінің депутаттары қолдады. Мәлімдемеде Азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйымнан оқиғаның тергелуін сұрап, НАТО мен Еуроодақ елдерін Беларуське санкция салуға үндегені жазылған.  

Боб Менендес, АҚШ Сенаты халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы:

– Азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйым баяндама жасағанша, біз Беларусьті осы ұйымнан шеттетіп, бұл елдің үстімен өтетін барлық рейске тыйым салуға шақырамыз. Минск әкімшілігі біздің азаматтардың қауіпсіздігін сақтамайтынын және олардың құқықтарын қорғамайтынын көрсетті. Бұл лаңкестік әрекет және адамдарды ұрлау Еуропа мен өзге елдердің саяхатшыларына қауіп төндіреді. Бұған жол бермеу керек.

Минкскідегі тосын оқиғаға байланысты Латвияның AirBaltic әуе компаниясы Беларусь аумағымен ұшпау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Балтық елінің көлік министріне сілтеме жасаған «Дельфи» порталы хабарлады. Аталған компания «Беларусь билігінің тосын әрекеті әуе қауіпсіздігі ережелеріне нұқсан келтірді» деп есептейді.

NEXTA телеграм-арнасының бұрынғы бас редакторы, Александр Лукашенконың режиміне ашық қарсы шыққан Роман Протасевич мінген ұшақ Минскіге қондырылған болатын.

Сондай-ақ...