Берлинде халықаралық велосипед күніне орай ерекше акция өтті

Әдетте бұл күні мыңдаған адам қатысатын марафон ұйымдастырылатын.

Биыл карантиндік шектеулерге байланысты белсенділер велосипедшілердің күнделікті тап болатын қиындықтарына жергілікті биліктің назарын аудармақ болған. Тұрғындар аймақта веложолдардың жеткіліксіз екендігін айтып, олардың санын арттыруды талап еткен. Бұған дәлел ретінде екі аяқты, бір ізді көлік иелері шаһардың Веддинг ауданындағы бір көшені толық жауып тастаған. Осылайша велосипед иелері веложолдар қаланың барлық жерінде жоқ екенін көрсетпек болды.

Айтуынша, веложолдардың жоқтығынан Берлинде адам өліміне әкеп соғатын жол апаттары жиі болады. Мәселен, 2020 жылдың өзінде Германияда 430 велосипедшіні жолда көлік қағып кеткен.

Штефан Лемкюлер, белсенді:

- Ел астанасында велосипедшілер үшін қауіпсіз жол салу жобасы өте баяу жүзеге асырылып жатыр. Мәселе шешімін таппайынша адамдардың зардап шегуі жалғаса береді. Бұл акция арқылы көшеде веложолдардың қажет екенін көрсеткіміз келді. Көлік министрлігі осы ауданда веложолдың салынатынын айтқанымен бұл жұмыс шаһардың барлық ауданында жүргізілуі керек.