Түркияда су тасқыны мен лай көшкінінен үш адам қаза тапты

Түркияның Ризе провинциясында төпелеп жауған жаңбыр соңы лай көшкіні мен су тасқынына ұласты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан 3 кісі қаза тауып, 5 тұрғын із-түзсіз жоғалды. Құрбандардың дені Қара теңіз жағалауында орналасқан Ризе провинциясынан. Соңғы мәлімметтерге қарағанда, жүздеген кісі қауіпсіз жерге көшірілген. Көптеген жол бұзылып, 100-ден астам елді мекенге қатынас тоқтаған. Үйлер мен ағаштар құлап, машиналар аударылды. Тіпті бірқатары лай көшкініне көмілген. Бірқатар елді мекенде электр энергиясы үзіліп, 24 мыңнан астам кісі жарықсыз қалды. Ризе шаһарының орталығындағы екі көшеге жиналған лай көшкінінің биіктігі 3 метрге жеткен. Елдің үш министрі оқиға орнына барды. Синоптиктер табиғи апат мұнымен шектелмейді деп отыр. Олардың айтуынша, алдағы күндері де жауын-шашын басылмайды.