Түркияда ірі қаралар арасында «Құрбан сұлуы» байқауы өтпек

 

Барша мұсылманның ұлық мейрамы құрбан айт Түрік елінде де кеңінен тойланады.

Жүректі тазартып, жақсылыққа жол сілтейтін мереке қарсаңында тоғыз күндік демалыс жарияланды. Елдегі мал базарларында сауда қызып тұр. Пандемияға байланысты құрбан шалу амалын қашықтан орындауға да мүмкіндік бар.

Биыл Анадолы жерінде ашылған құрбандық базарындағы ереже бұрынғыдан өзгерек.  Әрбір павильон алдында санитайзерлер орнатылып,  14 ережені сақтау жөнінде нұсқаулықтар жазылған. Маска міндетті. Сондай-ақ сатушы мен алушының қол алыспауы үшін арнайы осындай тақтайшалар әзірленіпті.

Түрік халқы жақсы саудаласады және саудаласқанды жаны сүйеді. Ғасырлар бойы қандарына сіңген дәстүр бойынша құрбандыққа мал шалатын азамат пен сатушы осылай бір-бірінің қолдарын сілкіп тұрып, бір тоқтамға келеді. Дегенмен биыл базардан мұндай көріністі жиі көре алмадық. Алушылар түліктің бағасын тым қымбат десе, сатушы мұнымен келіспейді. Саудагердің айтуынша, табыскөзі аз, қазіргі бағамен тек шығындарын жауып отыр.

Энес Бозкурт, сатушы:

Бір апта бұрын қырыққа жақын түлік алып келдік. Алғашқы уақытта жақсы саттық. Қазір сауда жоқ. Келушілер қымбат дейді. Біздің де шығынымыз көбейді. Мәселен, былтыр бір қап жем 80 лира еді, қазір 150. Шығындарды есептесек, құрбандықтың құны екі есе болу керек. Алайда тұрғындардың шамасы оған жетпейді. Сондықтан біз мал бағасын қатты арттырған жоқпыз.

Мал базарындағы бағалар былтырғыдан қымбат. Мәселен, уақ малдар 1 мың 500-ден 3 мың лираға дейін. Теңгеге шаққанда, 75 мың мен 150 мыңның арасы. Ал ірі қараның құны 450 мыңнан басталып бір жарым миллионға дейін барады.

Анкарада  уақытша ашылған мал базарындағы ең үлкен ірі қара осы. Салмағы 870 келі. Бағасы 26 мың лира. Теңгеге шаққанда 1 миллион 300 мың. Мал иесі оны Бірінші Патша деп атапты. Айтуынша, жәй қарадан 50 процент таза ет шықса, Бірінші Патшадан 65 процент шығады екен. Сондықтан құрбандықтың салмағы неғұрлым көп болса, соғұрлым еті де мол болмақ. Сондай-ақ құрбан айттың бірінші күні ірі қаралар арасында «Құрбан сұлуы» байқауы өтпек. Жарыста түлігін жақсылап баптап-күткен мал иесіне  ақшалай сыйлықтар тарту етіледі екен.

Казым Ердоған, патша атты сиырдың баптаушысы:

Мақсатым «Құрбан сұлуы» жарысында гран-приді ұтып алу. Себебі бұл жарыс саладағы ең үздік баптаушыға беріледі. Мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Сосын патшаны ең қымбат бағаға сату керек.

Туыстас елде қашықтан құрбан шалу әдісі бірнеше жылдан бері бар. Жергілікті азық-түлік дүкендері мен қасаптар үшін құрбан айт мейрамы табыс көзіне айналған. Ал бірқатар үкіметтік емес ұйымдар ел ішінде және шет елге қайырымдылық жасау үшін дәнекерлік қызметін атқарады.

Аманатпен қашықтан құрбан кесу әдісі кеңінен тарағанымен дәстүрлі жолды таңдағандар баршылық. Олардың айтуынша, құрбандық шалушы малды өз көзімен таңдап алғаны жөн.

Жем Тургут, алушы:

Діни тұрғыдан құрбандық шалынған уақытта қасында болғанымыз жөн. Қандай түлікті шалып жатқаныңызды өз көзіңізбен көру маңызды. Дүкендердегі жүйеге жеке басым сене қоймаймын.

Түркияда жылда орташа есеппен 3 миллион 600 мың құрбандық шалынады. Оның басым бөлігі уақ малдар. Жергілікті билік те тұрғындардың кіші түлікті, соның ішінде еркек малды шалуға үгіттейді. Мақсат, төрт түліктің санын төмендетпеу. Ал биылғы пандемия салдарынан тұралаған экономикалық жағдайда құрбандықты қанша болатыны алдағы күндерде белгілі болмақ.

Авторы: Меруерт Қанағат