Қытай билігі жасөспірімдердің интернет-ойындарға бөлетін уақытын шектеді

Қытайда 1 млрд-тан аса адам интернет пайдаланады. Бұл елдегі халық санының 70 процентінен көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 158 миллионы – кәмелет жасқа толмаған бала. Енді жеткіншектерді ғаламтордың зиянды әсерінен қорғау үшін Қытай билігі онлайн платформалардың жұмысы мен жасөспірімдердің интернет-ойындарға бөлетін уақытын шектеді.

Қытайда кино мен сахна жұлдыздарына деген қызығушылық өте жоғары. Олардың өміріндегі жаңалықты қалт жібермей, шығармашылығына табынатындардың басым көпшілігі – жастар. Айналасын әлі танып үлгермеген жасөспірімдер – ауқымды аудитория. Осыны жақсы түсінетін кей сайттар біз айтқан жұлдызды әртістердің тобын ашуды әдетке айналдырды. Оларға деген қызығушылықты арттыру үшін ойын ұйымдастырып, үнемі рейтинг ұсынады. Өзінің сүйікті актерін немесе әншісін қолдау үшін жас қолданушылар түрлі қадамға барады. Тіпті, ақша жіберуден тартынбайды. Міне, осы мәселеге алаңдаған қытайлықтар интернет-дүкендердің қаражат қабылдайтын қосымшаларын шектеп, кейбір чаттарды жауып тастады.          

Чжан Сяо, ақпараттық интернет орталығы директорының орынбасары:

– Кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі заңға киберқауіпсіздікке қатысты жаңа бап қосылды. Нақты шаралар қабылданды, атап айтқанда жанкүйерлердің онлайн топтары реттелді. Ойын ұйымдастырушылар мен стриминг платформалары өз жұмысын дұрыс істеген жөн. Мәселен, жастардың жеке мәліметін тексерсін. Олардың желіде өткізетін уақытын шектесін.

Виртуалды ойындар да енді қатаң бақылауға алынады. Жеткіншектерге аптасына 3 сағат қана интернетте ойнау мүмкіндігі берілді. Жұма, сенбі және жексенбі күндерінен басқа уақытта онлайн ойынға тыйым салынды. Ал стриминг компаниялар қолданушылардың жеке мәліметін жіті тексереді. Енді құжаттағы деректермен шектелмей, ойыншының жүзін де тануға міндеттеледі. Ресми статистика бойынша елдегі жасөспірімдердің 60 проценттен астамы құмар ойынға салынған екен. Ал олардың бұл әдетін тиімді пайдаланған платформаның бірі 155 миллион доллар көлемінде пайда тауыпты. Енгізілген жаңа заң желіде қызу талқыланып жатыр.

БЛИЦ:

- Толығымен қолдаймын!

- 16 жастағылар көлік жүргізіп, жұмыс істей алады. Бірақ ойнай алмай ма?

- Студенттердің де ойындарда өткізетін уақытын шектеу керек!

- Бұл PlayStation секілді құрылғылардың дәуірі келгенін білдіре ме?

Соңғы кезде Қытай үкіметі алпауыт технологиялық компаниялар мен қосымша оқу орталықтарының жұмысын шектеп жатыр. Ол үшін сапасыз әрі зиян контент ұсынатын платформадарды бұғаттауды қолға алды. Осылайша өз жастарының миына түсетін жүктемені азайтып, сана-сезімін сергіткісі келеді. Әрі дені сау, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мақсатын да жүзе асырмақ.

Ботагөз Сырғабаева