Brexit: Польша Британияның тағдырын қайталауы мүмкін

Польшада ондаған мың адам елдің Еуропа Одағы мүшелігіне қолдау білдіріп, шеруге шықты. Себебі конституциялық сот жергілікті заңнама еуропалық заңдардан басым деген шешім шығарып, халықтың наразылығын туғызған.

Шерулер Польшаның жүзден аса қаласында өтті. Ел астанасы Варшаваның өзінде наразылық акциясына 100 мыңға жуық адам қатысты. Шерушілер мұндай әрекет Ұлыбритания сияқты елдің ЕуроОдақтан шығуына әкеледі деп алаңдап отыр. Себебі сот шешімі Одақтың басты заңнамалық негізіне қайшы дейді. Ал Премьер-министр Матеуш Моравецкий Польша Еуроодақтан шығуды көздемейді дегенді айтады.  

Януш Кучинский, шеруші:

- Мұндай шешімдерден елімізде бұрынғыдай аумалы-төкпелі заман тууы мүмкін. Жастар халқымыз қандай қиындықтарды бастан кешкенін білмейді. «Брексит» ешкім күтпеген жерден аяқ астынан болды емес пе? Бізде де дәл осындай жағдай қайталануы әбден мүмкін.