Ливияда төрт мигрант көз жұмды

Ливия жағалауында қаза тапқан 4 мигранттың мәйіті табылды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Олар Жерорта теңізі арқылы Еуропаға өтпек болған. Марқұмдар анықталған Сабрата қаласы ел астанасы Триполиден 70 шақырым аумақта орналасқан. Біріккен Ұлттар Ұйымы Көші-қон агенттігінің мәліметі бойынша осы аптада Ливияның солтүстік жағалауынан Италияға қайықпен аттанған 75 босқын суға кетіп, қаза тапқан. Өткен сенбіде 15 босқын құтқарылып, Зуара теңіз айлағына әкелінген. Құқық қорғаушы ұйымдар Еуропа елдері мигранттарды құтқаруға құлықсыз деп айыптайды.

Мохамед Әл-Маноби, мигранттарды құтқару операциясының жетекшісі:

– Біз мигранттарды құтқару ісін 2014 жылдан бері атқарып келеміз. Жұмысымыз өте ауыр. Ең үлкен мәселе – біздің топтың мүшелерінде медициналық сақтандыру жоқ. Яғни қатерлі операция кезінде бір нәрсеге душар болсақ, денсаулығымызға нұқсан келсе, оның зардабын тек өзіміз ғана тартамыз. Жастар сонда да ерікті түрде жұмыс істеп жатыр.