Үндістанның шығысында болған атыстан 14 адам қаза тапты

Үндістанның солтүстік-шығысындағы Нагаленд штатында әскери операция кезінде ауыл тұрғындарын көтерілісшілер деп шатастырып, 13 бейбіт тұрғын мен Үндістанның қауіпсіздік күштерінің бір өкілі мерт болды, деп хабарлайды «Хабар 24» NDTV телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, қауіпсіздік күштері көтерілісшілерге қарсы операция жоспарлаған. Алайда олар жақын маңдағы ауылдың тұрғындарын көтерілісшілер деп қателескен. Нәтижесінде әскерилер бірнеше бейбіт тұрғынды атып тастады. Мұны көрген басқа ауыл тұрғындары әскерилерге шабуыл жасаған, соңғысы дереккөзге сәйкес, «өзін-өзі қорғау мақсатында» оқ жаудырған және тағы бірнеше бейбіт тұрғын өлтірілген. Сондай-ақ бір әскери адам қаза тапты. Үндістан ІІМ басшысы Амит Шах өзінің Twitter-дегі парақшасында қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.

Оның айтуынша, штат комиссиясы оқиғаға қатысты жан-жақты тексеріс жүргізеді.