Беларусь ЕО-дан кейбір тауарларды тасымалдауға тыйым салмақ

Минск Беларусьқа санкция салған елдерден кей тауарларды тасымалдауға тыйым салмақ. Қазір олардың тізімі жасалып жатыр. Бұл туралы осы елдің Қазақстандағы елшісі бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжат жуық арада бекітілмек. Минск нон-грата елдердің қатарын ұлғайтуға ниетті. ЕуроОдақ пен Ұлыбританияның әуе компанияларына да санкциялар салуды қарастырып жатыр. Бұған дейін ЕуроОдақ Беларусьқа қарсы бесінші санкциялар тізімін жариялаған. Қара тізімге 17 ресми тұлға мен 11 ұйым енігізілген. Брюссель шектеу шаралары мигранттарды заңсыз тасымалдау және адам құқықтарын бұзумен байланысты деп мәлімдеді. 

Павел Утюпин, Беларусьтың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Беларусь кез-келген мәселені шешу үшін келіссөз жүргізуге дайын. Тек олар ешқандай шартсыз жүзеге асырылуы тиіс. Миграциялық дағдарыс кезінде Беларусь тарапының дипломатиялық қатынасты үзуге қатысты кеңес өткізу туралы сұрауы жауапсыз қалды. Сондықтан қарсы тараптың әрекетіне сәйкес бірқатар компания тауарлары мен кей тұлғаларға санкция салынады. Олардың тізімін Беларусь үкіметі анықтайды. Қазір бұл мәселеге қатысты ешқандай түсініктеме бере алмаймын.

Беларусь босқындарды күштеп шығаруға ниетті емес

Беларусь билігінің мәлімдеуінше, қазір шекараға жақын логистикалық орталықта ЕуроОдаққа өткісі келетін 2 мыңға жуық мигрант орналастырылған. Оларды ешкім күштеп шығаруды қаламайды -дейді Беларусь елшісі Павел Утюпин. Кей босқындар туғандарының шақыруымен Германияға барғысы келеді. Бірақ босқындар Польшада қалғысы жоқ, – дейді елшіі.