Франция журналисі Джамаль Хашоггидің өліміне кінәлі деген күдікті ұсталды

Журналистің өліміне қатысы бар деген күдікпен Сауд Арабиясының азаматы тұтқындалды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бірақ ресми Эр-Рияд көп кешікпей бұл азаматтың ол іске еш қатысы жоқ деп мәлімдеді. Дегенмен Халықаралық құқық қорғаушылар тұтқын Хашоггидің құпия өліміне байланысты тың мәлімет беріп қала ма деп әлі де үмітті.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, тұтқындалған Халед Аэд Алотаиби есімді әскери. 33 жастағы азамат әуежайда еліне қайтқалы тұрғанда қамауға алынған. Ол – Түркияның сұрауымен интерпол іздеу жариялаған тұлғалардың бірі болып шықты.

Еске сала кетейік, Сауд Арабиясының оппозициялық журналисі Джамаль Хашогги 2018 жылы Ыстамбұлдағы корольдік консулдығында кісі қолынан өлген еді. Эр-Рияд іске қатысты 5 адамды өлім жазасына кесіп, тағы үшеуін абақтыға қамаған. Алайда Түркия өлімге қатысты барлық адам жазаланған жоқ деп тағы 36 кісіге іздеу жариялаған.