Украина президенті «Минск келісімін» орындауға дайын

Украина президенті Владимир Зеленский ел шығысындағы соғысты тоқтату үшін мемлекет «Минск келісімін» орындауға дайын екенін кезекті рет мәлімдеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Алайда осы бітімді жүзеге асыру үшін Украина тарапы он қадамды ұсынатынын жеткізді. Украина шығысындағы соғыс 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Әскер, адам өлімі жайлы жаңалықты ел тұрғындары күнделікті естуге мәжбүр. Украина құрамындағы Донецк және Луганск облыстарының бір бөлігі ресми Киевке бағынудан бас тартқан, сондықтан Донбасс өңіріндегі 4 млнға жуық адамның болашағы әлі де бұлыңғыр. Кемінде бір жарым миллион бейбіт тұрғын үй-жайын тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Ел президенті Владимир Зеленский «Минск келісіміне» қатысты пікірімен  «Дипломатия 30» конференциясында бөлісті. Украина тарапы бітімге бастайтын он қадамды ұсынып отыр, – дейді Зеленский. Оның ішінде Украина-Ресей тұтқындарымен алмасу, оқ атуды тоқтату және өткізу пункттерін ашу сияқты ұсыныстар бар. Алайда саяси сарапшы Виктор Щербина Минск келісімін одан әрі кеңейту керек деп есептейді.

Виктор Щербина, «София» стратегиялық топ қоғамдық ұйымы басшысының орынбасары:

– «Азаматтық диалогты» дамытуымыз керек. Бейбітшілік орнату жөніндегі келісімді жүргізуде саясат адамдары ғана емес сол бағынбай отырған өңірдің өкілдерін де тартуымыз қажет. Мұның бәрі Минск келісімінде жазылған. Алайда Донбасс өңірі үлкен экологиялық қауіптің алдында аз тұр. Сондықтан осы саланың мамандарын да келісімнен  тыс қалдырмауымыз  маңызды.

Аумақтық даудың аяқталар күні бар ма? Дәл қазір бұл сұраққа ешкім тұшымды жауап бере алмасы анық. Алайда бұл соғыс – Украинаның өз ішіндегі белгілі бір саяси топ үшін өте пайдалы болып тұр деп, пайымдайды сарапшы.

Виктор Щербина, «София» стратегиялық топ қоғамдық ұйымы басшысының орынбасары:

– Украинада осы соғыстан үлкен қаржылай көлемде пайда көріп отырған адамдар бар. Біз мұндайда «соғыс партиясының өкілдері»,– деген терминді қолданамыз. Бұл топтар белгілі бір саяси тәртіп пен идеологиялық ұғымды қалыптастыру үшін қызмет жасайды. Өкінішке орай, бұл топтар ел ішіндегі бүлікті қоздырып, мемлекеттің сыртқы саясаттағы сүйкімін кетіріп отыр.

Владимир Зеленский «Минск келісімі» аясында Украина тарапы ұсынған он қадам жайлы құжат Америка, Ресей, Франция мен Германия басшылырына жіберілгенін хабарлады. Ал Президент офисының басшысы Андрей Ермак: «Еуропадағы қауіпсіздік – Украинадағы тыныш өмірге тікелей қатысты. Сондықтан Ресей мен Украина арасындағы жылы қабақтағы келіссөздің жалғасуы ең алдымен алпауыт елдердің өздеріне тиімді»,– деп мәлімдеді. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко