Өзбекстанда ел тұрғындарының біраз бөлігі әлі де жарықсыз отыр

Энергия желісіндегі апат көрші елдерге де зиянын тигізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Өзбекстанның кей өңірлеріне электр қуаты беріле бастады. Бірқатар станция қайта іске қосылды. Әуежайлар қалыпты қызметіне кірісті. Ауруханалар қосымша генераторлар арқылы емдеу процесін жалғастырды. Алайда ел тұрғындарының басым бөлігі әлі де жарықсыз отыр. Әсіресе Ташкентте жағдай қиын. Кәріз және жылу жүйелерінің жұмысы қалпына келтірілген жоқ. Метро қызметі тоқтады. Өзбекстанның энергетика министрлігі апатқа Қазақстан аумағындағы электр желілерінің ақауы себеп болған деп мәлімдеді. Көшелерде кептеліс азайған жоқ. Полицейлер жолдағы тәртіпті реттеп тұр.

Еске салайық, оқыс жағдай кезінде Әмірсой тау шаңғы кешеніндегі арқан жол тоқтап қалған болатын. 80-ге тарта демалушыны құтқаруға төтенше жағдай қызметі өкілдері аттанды. Олар көп ұзамай қауіпсіз жерге шығарылды.