Ресей кемелері үшін Еуроодақ порттары жабылуы мүмкін

Еуроодақ елдері Ресей кемелері үшін порттарды жабуды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресми шешім қабылданғанға дейін ірі компаниялар Ресеймен алыс-берісін тоқтатты. Жуырда Ұлыбритания Ресей туының астында жүзетін кез келген су кемесін өз портына кіргізбеу туралы шешім қабылдады. Осылайша әдетте Ұлыбританияға тасымалданатын газ бен мұнайдан енді Мәскеуге кіріс түспейді. Батыс елдерінен бөлек Канада да порттарды жауып тастамақ.  

Ян Бреммер, саясаттанушы:

– Порттардың жабылуына байланысты газ бен мұнайдың бағасы аспандап барады. Енді тауарды жеткізу жағынан біршама қиындық туады. Санкциялардың кесірі мен Қара теңіздегі порттардың жабылуынан, қаржылық операциялардың шектелуінен жағдай күн өткен сайын қиындай түседі. Алдағы уақытта Еуропа мен Америка билігі жаңа шектеулерді қабылдауы мүмкін.

Жуырда «Новороссийск» теңіз сауда порты да санкциялардың тізіміне ілікті. Әзірге ондағы жұмыс штаттық режимде жұмыс істеп тұр делінген ресми сайтта. Бұл жүк айналымы бойынша Ресейдегі ірі порттардың бірі болып саналады.

Айта кетейік, ол арқылы Каспий құбыр консорциумымен еліміздің батыс өңірінен қазақстандық мұнай да өтеді. Қара алтын Оңтүстік Озереевкадағы Теңіз терминалына дейін жетіп әлемдік нарыққа саудаланады. Сонымен қатар Германиядағы Гамбург порты да Ресей Федерациясынан қатынайтын кемелерді қабылдаудан бас тартты. Қазір су көліктері аймаққа кіре алмай отыр. Олардың арасында қазақстандық кемелер бар ма, жоқ па, бұл жағы әзірге белгісіз.

Сергей Смирнов, мұнай-газ саласындағы сарапшы:

– Бұл санкциялардың көпке созылуы мүмкін емес. Газдың бағасы шарықтап кеткенін көріп тұрмыз. 1 мың текше метр үшін баға 2 200 долларға дейін жетеді. Мұнайдың құны да барреліне 100 доллардан асады. Ковидтен есеңгіреп қалған экономика бұндай қиыншылықты еңсере алмайды. Ал АҚШ болса, Еуропаны қажетті газбен толық қамтамасыз ете алмайды. Катар да көмектесуге қауқарсыз. Мәселен 30-40 процент газды Ресей жеткізетін. Америкалықтарға қарағанда, Еуропа билігі қабылдап жатқан шешімнің нәтижесін толық есептеп жатқан жоқ дер едім.

Жалпы АҚШ пен батыс елдері санкцияларының салқыны өзге де мемлекеттерге тиюі мүмкін. Экономикалық шектеулер барлық саладағы бағалардың шарықтауына әкеп соқты. Рубльдың құлдырауы ресейден импортталатын тауарлардың қымбаттауына әкелді. Мәселен, шикізат көзінің тапшылығынан өндіріс біршама қысқартылмақ. Көбінесе Қазақстанның импорты Ресей арқылы өтетіндіктен нарықтағы қиыншылықтар айқын сезіле бастады. Жуырда еліміздегі кәсіпкерлер президентке дағдарысқа қарсы Ұлттық штаб құру туралы ұсыныс білдірді. Олардың айтуынша, штабқа Қазақстандағы беделді сарапшылар, қаржыгерлер мен экономистер кіруі керек.