Эльад қаласында лаңкестердің қолынан үш адам қаза тапты

Израильдің Эльад қаласында лаңкестік әрекет болып, 3 адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 4 тұрғын жарақат алды. Оқиға Израильдің тәуелсіздік күнін атап өту кезінде болды. Қолдарына пышақ пен балта ұстаған екі күдікті шаһардағы алаң мен саябақта жүрген адамдарға шабуылдап, артынан оқиға орынынан іздерін суытқан. Қазір қаскөйлер іздестіріліп жатыр. Айта кетейік, наурыз айының соңынан Израильде мұсылмандардың  полициямен қақтығысы күшейіп, 15 адам көз жұмды. Израиль әскері жауап ретінде Иордан өзенінің батыс жағалауында әскери операциялар жүргізіп, 40 палестиналық қаза тапты.

Ариэль Коэн, Рош-Ха-Аин полициясының тергеу бөлімі басшысы:

Эльад қаласында адамдарға бірнеше шабуыл жасалды. Қазір біз лаңкестерді іздестіріп жатырмыз. Әзірге олардың қанша адам болғанын білмейміз. Іздеу шараларына тікұшақ тартылып, кей жерлерде тексеру бекеттерін құрдық.