Украиналықтар Ресейге еркінен тыс көшіріліп жатыр

Украиналықтар Ресейге еркінен тыс көшіріліп жатыр. Бұл туралы АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джон Кирби мәлімдеді.

Ол Украина азаматтарын күштеп ұстап отырған лагерьлердің бар екенін жеткізді. Бірақ олардың саны мен қайда орналасқанын ашып айтпады. Өткен аптада Ресейдің Қорғаныс министрлігі 11 мың 500 адамның, оның ішінде 1847 баланың Украинадан Ресейге жөнелтілгенін хабарлаған болатын. Кремльдің айтуынша олар өз еркімен қоныс аударған. Алайда Украина мыңдаған адам өз еркінен тыс көшірілгенін айтты. Сондай-ақ Раданың Адам құқықтары жөніндегі өкілі Ресейге 1 миллионнан астам украиналық азаматтың күштеп жіберілгенін растады.

Джон Кирби, Пентагонның ресми өкілі:

- Украиналықтарды Ресейге күштеп көшіріп жатқанын айғақтайтын белгілерді байқап отырмыз. Әзірге егжей-тегжейлі айта алмаймын. Бұл арсыз, жауапсыз биліктің әрекеті. Владимир Путиннің украиналықтардың егемендігіне, олардың басқа мемлекеттің азаматы екендігіне ешқандай құрметпен қарамайтынына анық дәлел. Ресейдің зұлымдығы 75 күн бойы жалғасып келеді. Олар өз әрекеттерін дұрыс деп көрсеткісі келеді.