«Азовсталь»: украиналық сарбаздарды эвакуациялау жалғасып жатыр

Мариупольдегі "Азовсталь" зауытынан украиналық сарбаздарды эвакуациялау жалғасып жатыр.

Ресей тарапының мәлімдеуінше, кеше тағы 700-ге жуық жауынгер шығарылды. Жалпы мамырдың 16-сынан бері өндіріс ошағынан 959 сарбаз эвакуацияланған. Ресей Қорғаныс министрлігі кеше Новоазовск елді мекеніндегі ауруханаға жеткізілген жаралы жауынгерлерді көрсетті. Комбинатқа бекінген қалған украиналық сарбаздар туралы мәлімет жоқ. Қазірге дейін өндіріс орнынан "Азов" полкының әлі бір де бір басшысы шықпаған. Киев зауыттан эвакуацияланған сарбаздарын тұтқындағы Ресей жауынгерлеріне айырбастауға үміттеніп отыр.