Үндістанда жауын-шашын толастамай тұр

Бүгін Нью-Делиде жауын селдетіп, шаһарда көлік қозғалысы қиындады. Ұшақтар да ұшпады. Бірақ біраздан бері ыстықтан зарезап болған тұрғындары нөсердің құйғанын риза. Ал Ассам штатында шелектеп құйған жаңбыр соңы тасқынға ұласып, 18 адам көз жұмды. 800 мыңнан аса тұрғын баспанасынан айырылды. Аймақтың 31 округіндегі егістік алқаптар солып қалды.

Датта Сенапати, тұрғын:

- Су аяқ астынан тасып, қолымызға ілінген дүние-мүлкімізді ғана алып шықтық. Қалғаны су астында қалды. Тамақ жоқ қарнымыз аш. Не істейтінімізді білмейміз.

Бангладеште тасқыннан ондаған мың адам баспанасыз қалды

Үндістанға көрші Бангладештің Силхет аймағында да жауын селдетіп, көп елді мекенді су басып жатыр. Жүзден астам тас жолды су бұзып, ондаған аудан бөлініп қалды. Мыңдаған адам баспанасынан айырылды. Өңірдің инфрақұрылымына орасан зор шығын келген. Су әлі қайтпағандықтан апатты аудандарға көмек жеткізу қиынға соғып отыр.

- Ауылымыз еңісте орналасқандықтан тасқыннан қатты зардап шектік. Үйлеріміз қирап, егістігіміздің бәрін шайып кетті.

АҚШ: елде жоқ ыстық 

Ал АҚШ-тың солтүстік-шығысында күн әдеттегіден әлдеқайда ысып кетті. Вашингтоннан бастап Нью-Йоркке дейін ондаған қалада сынап бағанасы 35 градустан асқан. Тұрғындар ыстықтан қашып, көлеңке таппай жүр. Кейбіреулер тіпті су бұрқақтарға шомылып мәз.

- Күн өте ыстық. Менің ойымша 38 градус шығар. Шыжыған күннен біраз салқындайық деп балаларымды алып аквапаркке келдім. Қолымдағы пластмас шөлмекті аанда-санда басыма қойып салқындауға мәжбүрмін. 

Бразилияда қар жауды

Бразилияның оңтүстігінде өткен аптада күн суытып, Санта-Катарина штатында сынап бағанасы минус 5 градусқа дейін төмендеді. Кей жерлерде қар жауды. Мектептер мен университеттер жабылған. Мамандар өткен аптада басталған суық әлі де бірнеше күнге созылатынын айтады.

Фабиу Сантос, Рио-де-Жанейро тұрғыны:

- Қазір әдеттен тыс ерекше суық болып тұр. Бала кезімде бұл аймақта күннің суытуы сирек кездесетін. Ал қазір мұндай ауа райы жиіледі.

Канадада торнадо ойран салды 

Канаданың Онтарио провинциясында торнадо ойран салды. Табиғат апатынан 2 адам көз жұмды. Тағы бірнешеуі жарақат алды. Дүлей жел талдарды тамырымен қопарып, электр бағаналарын құлатты. Провинцияның 300 мыңнан аса тұрғыны жарықсыз қалды.

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...