Украинадағы жағдай. Біздің тараптан адам шығыны өте көп – Зеленский

Владимир Зеленский «Донбаста кім басым түссе, Украинадағы соғыста сол жеңеді», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, украин әскері Харковь облысы үшін болып жатқан шайқаста көп сарбазынан айырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресей күштері аталған аймаққа бақылау орнату үшін барын салуда. Бұдан басқа, елдің оңтүстігінде де қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Севередонецкі мен соның маңындағы басқа қалалар мен елді мекендерде қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Өкінішке қарай, біздің тарапта адам шығыны өте көп. Бірақ беріспейміз. Бұл біздің мемлекетіміз. Әсіресе Донбассты ұстап қалу өте маңызды.

Ресейдің Қорғаныс министрлігі дәлдігі жоғары «Калибр» зымырандарымен Украина әскерінің зеңбіректері мен оқ-дәрісін жойғанын хабарлады. Бұдан бөлек, бір ұшақ, бірнеше зымыран мен ондаған реактивті снаряд атып түсіріліген.

Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Соңғы бір тәулікте Ресей әуе күштері Славянск аспанында Украинаның «Миг-29» атқыш ұшағын және Снихуривкада «Ми-24» тікұшағын атып түсірді. Зеңбірек сақталған қойма талқандалды.